Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметінше, 2022–2024 жылдары мемлекеттік меншікке қайтарылған 12,2 млн гектар жердің 5,9 млн гектары қайта бөлінген. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Оның ішінде, елді мекен маңындағы 2 млн гектар жайылым жергілікті халықтың мал жаюы үшін ортақ пайдалануға берілді. Қалған 3,9 млн гектар жер ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері арасында конкурс арқылы таратылды.
Соңғы үш жылда жергілікті инспекциялардың араласуынан кейін бұрын пайдаланылмай жатқан 3,8 млн гектар жерді бұрынғы жер иелері қайта игере бастады. 2025 жылы мемлекеттік меншікке қайтарылуы жоспарланған 2 млн гектар ауыл шаруашылығы айналымындағы жердің қазірдің өзінде 979,1 мың гектары қайтарылды.
Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді әрі ашық бөлу тетіктерін әзірлеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Негізгі қадамдардың бірі – мәліметтерді цифрландыру және жер телімдерін бөлу бойынша электронды конкурстарға көшу.
«Бүгінге дейін шөл және шөлейт алқаптарды қоспағанда, ауыл шаруашылығы айналымындағы барлығы 205,5 млн гектар жер цифрландырылды. 2025 жылдың соңына дейін карталар деректерін тиісті координаттық жүйеге жүктеу жоспарланып отыр», — деді Мұрат Теміржанов.
Сурет: Agrotrend.kz