Мәжілісте бүгін «Акваөсіру туралы» заң жобасын талқылап, бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлады 24KZ. Құжат тұрғындардың балық өнімдерін тұтыну көлемін арттыруға, отандық балық өнімдерінің экспортын ұлғайтуға және импортты алмастыру көлемін арттыруға жәрдемдеседі. Себебі, депутаттардың айтуынша, бұл салада шешімін табуы тиіс мәселелер бар. Заң жобасында елде балық шаруашылығымен айналысатын жаңа субъектілер құру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту, браконьерлікпен күрес, ғылыми зерттеулер жүргізу, салаға инвесторларды тарту тетіктері қарастырылған. Құжатты талқылау барысында балық шаруашылығын дамыту әлеуеті зор екендігі айтылды. Былтыр елде 64,5 мың тонна ғана балық өндірілген. Ал 2030-жылға дейінгі қойылған мақсат – 270 мың тоннаға жеткізу. Сол себепті балық шаруашылығын дамытуды құқықтық тұрғыда реттейтін тетіктерді заңмен бекіту мәселесі өзекті.
Айта кетейік, ел аумағында 3 мыңнан астам табиғи және жасанды көл бар. 1416 кәсіпорын балық шаруашылығымен айналысады. Салада 12 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Сурет: agrotrend.kz