ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу және қаржыландыру» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Оған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, Егіншілік департаментінің директоры Назгүл Хатепова және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Аяпбергенов қатысты. Бұл туралы Аграрлық несие корпорациясының баспасөз қызметі хабарлады.
«Көктемгі егін-егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру былтыр желтоқсан айында басталған болатын. Бүгінгі таңда Аграрлық несие корпорациясы «Кең дала» бағдарламасы арқылы 2025-жылғы көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге ниетті 6 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіні қолдауға жалпы сомасы 422 млрд теңге болатын өтінім пулын жасақтады. Бұған шамамен 5,3 млн гектар егіс алқабын қамтуға болады. Соның ішіндегі 4 243 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 278 млрд теңге қаржы берілді. Бұл 4,3 млн гектар егіс алқабын игеруге мүмкіндік береді», — деді Тимур Аяпбергенов.
Айта кетейік, қаржыландыру Аграрлық несие корпорациясы, екінші деңгейлі банктер, несие серіктестіктері, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, микроқаржы ұйымдары және аймақтық инвестициялық орталықтар арқылы жүргізілуде. Қарыз алушылар үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% деңгейінде және қарызды 2026-жылдың 1-наурызына дейін қайтару мерзімі қарастырылған.
«Кепілдік жетіспеген жағдайда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қарыз сомасының 85%-ын кепілдендіреді. Фермер қарыз сомасының 15%-на кепілдік қойса жеткілікті. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекет тарапынан қолдауға арналған оңтайлы механизм», — деп атап өтті Басқарма төрағасының орынбасары.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге 700 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2 есе артық (өткен жылы 5,6 млн гектарды игеруге 321,5 млрд теңге қарастырылып, 5 098 фермер қаржыландырылды), оның 560 млрд теңгесі нарық капиталынан тартылатын болады.
Сурет: АШМ