«Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша фермерлерден өтінім қабылдап жатыр.
Көктемгі егін егу маусымы басталғанға дейін жеңілдетілген несие беру жұмысы белсенді түрде жүргізіледі. Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің стратегиялық қадамы, деп хабарлады Аграрлық несие корпорациясының баспасөз қызметі.
«Қаржыландырудың ерте басталғаны аграрлық сала өкілдерінің ерекше қызығушылығын тудырды. «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 2026-жылдың көктемгі дала жұмыстарына 1 750 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден 242 млрд теңгенің өтінімі қабылданды. Қазіргі уақытта 1 463 фермерге 160 млрд теңге қаржы берілді», — делінген хабарламада.
«Кең дала 2» бағдарламасы фермерлердің жаңа маусымға алдын ала дайындалуларына мол мүмкіндік беретін стратегиялық шешім. Қаражатты ерте беру өте маңызды. Фермерлер жанар-жағармайды, минералды тыңайтқыштарды қолайлы бағамен сатып алады және техникаларын уақтылы жөндеп, дайындап қояды. Осындай тиімді тәсіл тәуекелдерді азайтуға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл Мемлекет басшысының «фермерлерге барлық жағдайды жасау керек», деген тапсырмасына толық сәйкес келеді.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында Ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударды.
«Мемлекеттердің көбі ауыл шаруашылығына бюджеттен қыруар қаржы бөледі. Солардың қатарында Қазақстан да бар. Шаруаларға 2024-жылы 580 миллиард теңге, былтыр 1 триллион теңге жеңілдетілген несие берілді. Бұл – өте қомақты қаржы. Соңғы он жылда шаруаларға көрсетілген қолдаудың көлемі 10 есе артты, бірақ оның тиімділігі күмән тудырады. 2015-2024 жылдары ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 2,5 еседен астам өсті. Бұл көрсеткішті одан да көбейтуге болар еді. Есесіне, егін шаруашылығындағы нәтижелер өте жақсы болды. Астық пен ұн экспорты рекордтық деңгейге жетті, өнім жеткізілетін елдердің географиясы кеңейе түсті. Бұл – егіннің шығымдылығы мен ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға арналған шаралардың нақты нәтижесі», — деген еді Президент.
Бұл саясаттың жетістігі тарихи динамикамен расталды: «Кең дала» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен берілген несиенің жалпы көлемі өсіп келеді. Егер 2023-жылы ол 140 млрд теңгені құраса, 2025-жылы 649 млрд теңгеге жетіп, 7,5 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылған.
Бағдарлама айналым қаражатын толықтыруға несие беру үшін серіктестердің кең желісі арқылы іске асырылатын кешенді қаржы құралы. Қаржыландыру тікелей Аграрлық несие корпорациясы арқылы да, кредиттік серіктестіктер, екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары, өңірлік инвестициялық орталықтар және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы да қолжетімді.
Несиенің тиімділігі сол – жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5%.
Фермерлерге кепіл жүктемесін азайтуға ерекше назар аударылды: қарыз сомасының 85 пайызына «Даму» қорының кепілдігі беріледі. Фермер тек қалған сома мен сыйақыны кепілмен қамтамасыз етуі қажет. Бұл қаржыға қол жеткізуді едәуір жеңілдетеді.
Фермерлер – отандық экономиканың тірегі және елдің азық-түлік тұрақтылығының негізгі көзі. Олардың еңбегін қолдау – мемлекеттің стратегиялық басымдығы, ал Аграрлық несие корпорациясы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ертеңгі күнге деген сенімін ұлғайту үшін қаржыландыру механизмін одан әрі дамыта береді.
«Кен дала 2» бағдарламасына қатысуға өтінім беру үшін фермерлер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өңірлік филиалдарына жүгіне алады. Толық ақпаратты Agrocredit.kz сайтынан және 1408 Call-орталық нөмірі бойынша хабарласып білуге болады.
Сурет: Agrotrend.kz















































