Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров «Fawakeh Trading Company» инвестициялық компаниясының бас директоры Хассан Хейдаринассабпен кездесті, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. Министр 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң нәтиже байқалғанын атап өтті. Соңғы бірнеше жылда алғаш рет қазақстандық астық экспорты 30 есеге өсіп, шамамен 500 мың тоннаны құраған.
«Иранға астық жеткізу қайта басталды. Біз Иран бизнесіне жан-жақты қолдау көрсетуге және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейту үшін барлық жағдайды жасауға дайынбыз», — деді Айдарбек Сапаров.
Өз кезегінде Хассан Хейдаринассаб жыл сайын астық импортын 3 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүдделі екенін атап өтті. Сонымен қатар, Азық-түлік корпорациясы ирандық инвесторлардың серіктесі бола алады.
Мемлекеттік астық операторы бидай, арпа, зығыр, рапс, жасымық, бұршақ, сондай-ақ оларды қайта өңдеу өнімдерін қоса есептегенде қазақстандық агроөнімдердің кең желісін жеткізуді ұйымдастыру бойынша барлық мүмкіндіктерге ие. Азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылық өнімдерін шетелге жіберу үшін жеке ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тартуда үлкен тәжірибеге ие және ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауға дайын.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар АӨК саласындағы өзара тиімді сауда ынтымақтастығын одан әрі дамыту жөнінде бірлескен ұсыныстар әзірлеуге келісті.
Сурет: АШМ