Экспорттық тауар тізілімін кеңейту мақсатында Қазақстан бидай мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа да түрлерін қосқанда, 15 тауар позициясы бойынша Иордания нарығына шикізаттық емес тауарларды жеткізуді арттыруға дайын, деп хабарлайды primeminister.kz.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров пен Иордания Хашимит Корольдігінің Өнеркәсіп, сауда және жабдықтау министрі Яруб Әл-Кудтың бірлескен төрағалығымен Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Амман қаласында өткен Қазақстан-Иордания үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысында экспорт мәселесі талқыланған еді.
Қазақстан иорданиялық компаниялардың еліміздің аумағында ет, астық, бұршақ және басқа да өнімдер өндіретін кәсіпорындар құруына мүдделі екені де айтылды.
Иордания тарапы қазақстандық астықты баламалы көлік жолдары, оның ішінде Каспий теңізі арқылы импорттауға жоғары қызығушылық танытты. Қазақстан өз тарапынан тауарларды Иордания нарығына және MENA мемлекеттері (Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдері) нарықтарына экспорттау үшін Акаба портының әлеуетін пайдалануға мүдделі.
Сурет: primeminister.kz