Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Францияның Қазақстандағы Елшісі Сильван Гиогемен кездесті, деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі.
Кездесу барысында тараптар елдер арасындағы АӨК саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Министр бірінші кезектегі бағыттардың бірі — өзара сауда көлемін ұлғайту екенін атап өтті.
2024 жылдың 8 айында екі ел арасындағы АӨК өнімінің тауар айналымы 67 млн. долларды құрады, оның ішінде Қазақстаннан Францияға рапс тұқымдарының экспортын ұлғайту есебінен тауар айналым 6 есеге жуық өсті.
Кездесу барысында ұсақ мал экспортына қойылатын ветеринариялық талаптарға өзгерістер енгізу мәселелері талқыланды, Synetics және «Асыл-Түлік» АҚ жүзеге асыратын ірі қара малдың қолдан ұрықтандыру және француз тұқымының көмегімен қазақ тұқымдарын жақсарту жөніндегі бірлескен жоба қаралды.
Еуропалық нарыққа жылқы етін экспорттау мәселесі де маңызды тақырыптардың біріне айналды.
Естеріңізге сала кетейік, қазан айының басында Францияда өткен Мал шаруашылығы саммиті аясында «Қайып Ата» және «Pegase BVS» компаниялары арасында жылқы етін жеткізуді ұйымдастыру бойынша ынтымақтастық келісіміне қол қойылды. Бүгінгі таңда шаруа қожалықтары және фермерлік қожалықтар Францияға жылқы етін экспорттауға қызығушылық танытып отыр.
Сурет АШМ ресми сайтынан алынды