Еліміздегі фермерлерден 1 млн тонна астықты тікелей сатып алу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ түрлі сападағы астықты бірінші кезекте шағын шаруашылықтардан сатып алуды бастайды. Сатып алынатын баға бекітілді.
«Бастапқыда осы жылы фермерлерден 150 мың тоннаны сатып алу ескерілген. Қалғанын келер жылы қаңтардан бастап алынады. Жалпы Үкімет жағынан болатын қаржылық қолдаудың арқасында 1 млн тоннаға жеткізбекпіз. Жалпы, қаражат мәселесін шешіп алу керек. Қаржыландырудың екі жолы бар — бюджетті нақтылау кезінде алу, сондай-ақ Үкімет резервінен қарастыру. Бұл ретте аталған көлемді (1 млн тонна) қамту жоспары бар. Астықты сатып алумен қатар, оны экспорттауға қолдау жасаймыз», — деді Сенатта тілшілер сұрағына жауап берген А. Сұлтанов.
Сонымен қатар, ол 2025 жылы экспортқа 12 млн тонна астық шығару жоспарланып отырғанын айтты.
Атап айтқанда, Қазақстан астығы Батыс Еуропа мен Солтүстік Африкаға экспортталады.
Сурет: agrotrend.kz