А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы селекциялық жетістіктерін «KazAgro/KazFarm-2024» халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесінде ұсынды, деп хабарлады baraev.kz.
Саладағы бәсекелестік пен климаттың тұрақсыздығы жағдайында жаңа білім өндірістің дамуына ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан KazAgro/KazFarm-2024 көрмесінде фермерлер ауыл шаруашылығы дақылдарының перспективалы сорттарына, соның ішінде бидай тұқымына ерекше назар аударды. «Таймас» жаздық жұмсақ бидайының жаңа сортына ерекше қызығушылық болды. Көрмеге келушілерге астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының сарапшы-селекционерлері А.Бабкенов, Е.Қайыржанов кеңес берді. Олар сорттарды таңдау, сорттық технологиялардың ерекшеліктері, астық пен тұқым сапасының көрсеткіштерінен бастап тұқым шаруашылығына дейінгі түрлі сұрақтарға жауап берді. Сарапшылармен өткен бұл кездесу фермерлерге өндірісті климаттық жағдайлардың өзгеруіне бейімдеуге, сапалы тұқымнан жоғары өнім алуға көмектеседі.
Айта кетейік, «KazAgro/KazFarm-2024» халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесіне әлемнің 20 елінен 250 үздік агроөнеркәсіп кешені компаниялары қатысты. Көрме тұқым таңдаудан бастап өңдеу технологияларына дейінгі барлық өндіріс процесін қамтыды.
Сурет baraev.kz сайтынан алынды