2025-жылдың 5-қарашасынан бастап Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне еркек тайыншалар мен туғанына 4 айдан асқан еркек тоқтыларды экспорттауға квота бөлу қағидалары күшіне енді. Норма алты ай қолданылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қағидаларға сәйкес, 4 айдан асқан еркек тоқтыларды экспорттаудың жалпы сандық лимиті 120 мың бас болып белгіленді, оның ішінде:
• 60 мың бас – бордақылау алаңдары үшін;
• 60 мың бас – тауар өндірушілер үшін.
Квота шектеулері
• Бір бордақылау алаңына берілетін квота оның қуаттылығының 30 пайызынан аспауы тиіс.
• Қуаттылығы 5 000 бас және одан жоғары бордақылау алаңдары үшін шектеу – 1 500 басқа дейін.
• Бір тауар өндірушіге берілетін квота – 500 басқа дейін.
Мал басына қойылатын талаптар
Квота алу үшін карантинге өтінім берген сәтте бордақылау алаңында немесе тауар өндірушіде тіркелген мал басының нақты саны сұратылған квотадан кемінде екі есе көп болуы керек.
Экспортқа шығарылатын жануарлар карантинге қоюға дейінгі үш айдан ерте емес мерзімде өтінім берушінің атына Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорында тіркелуі қажет.
Өтініш беру тәртібі
Квоталар «Е-лицензиялау» мемлекеттік порталы арқылы бөлінеді және экспортқа лицензия алу кезінде автоматты түрде беріледі. Лицензия иелері лицензияның қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін 15 күн ішінде уәкілетті органға тауарлардың экспорты бойынша орындалуы туралы анықтама ұсынуы қажет.
Сурет: Agrotrend.kz














































