Биыл шегірткелер 2,1 млн гектар жерге таралады деген болжам бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн гектарға аз. Зиянкестермен күрес аясында 20- мамырдағы жағдай бойынша 2,3 млн гектардан астам жер зерттелді, 429 мың гектар жер өңделді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Министрлік оңтүстік өңірлерде шегірткелердің қаптап кеткені туралы әлеуметтік желілерде таратылған ақпаратты жоққа шығарды.
«Әлеуметтік желілерде оңтүстік өңірлерде шегіртке зиянкестерінің жаппай басып кіруі туралы жалған ақпарат таратылады, өткен жылдардағы бейнежазбалар немесе басқа елдерде түсірілген материалдар жарияланады. Бұл деректер нақты көріністі бұрмалайды», — делінген Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан ақпаратта.
Ведомствоның мәліметінше Түркістан және Жамбыл облыстарында марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмысы 95%-ға аяқталды. Қазір тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Итальялық пруспен және азиялық шегірткемен күрес 11 аймақта жалғасуда. Мониторингке 4,6 мыңнан астам маман қатысады. Қорғау іс-шараларында заманауи, тиімділігі жоғары пестицидтер пайдаланылуда. 443 арнайы техника жұмылдырылған.
Сурет: АШМ