БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) 80 жылдығы мен Дүниежүзілік азық-түлік күніне арналған Алма фестивалі аясында ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков елдегі бау-бақша шаруашылығының қазіргі жағдайы мен даму келешегі туралы баяндады, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Қазақстандағы алма бақтарының жалпы алаңы шамамен 29 мың гектар. Негізінен Алматы, Түркістан, Жамбыл және Жетісу облыстарында орналасқан. Тек Алматы және Жетісу облыстарының өзінде алма бақтары 2,4 мың гектардан астам аумақты алып жатыр, мұнда 416 мыңнан артық алма ағашы өсірілуде.
«Бау-бақша шаруашылығы агроөнеркәсіптік кешеннің маңызды бағыттарының бірі. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 2014 жылдан бастап фермерлер бақ отырғызу мен интенсивті технологияларды енгізуге арналған инвестициялық субсидиялар алады. Соның нәтижесінде алма өндіру көлемі 43%-ға, ал өнімділік 27%-ға артты. Алма фестивалі — тек өнім мерекесі ғана емес. Бұл — фермерлер еңбегіне деген құрметтің, өзара ынтымақтастықтың және ортақ жауапкершіліктің белгісі. Мемлекет, халықаралық ұйымдар, агробизнес және жастардың бірлескен күш-жігері арқылы біз бау-бақша шаруашылығын еліміздің дамуындағы басты салалардың біріне айналдырамыз деп сенемін», — деді вице-министр Ербол Тасжүреков.
Сурет: АШМ














































