Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қазіргі жағдайы қаралды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша нақты іс-шаралар АӨК-ті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен 2028 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін екі есеге арттыру жөніндегі Жол картасында бекітілген.
Биыл егіс алаңы 23,6 млн гектарға дейін ұлғайтылды (+322,8 мың га). Бұл ретте дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқабы қысқарып (- 629,9 мың га), әлеуметтік маңызы бар әрі жоғары рентабельді дақылдардың алқабы кеңейді: майлы дақылдар – 4 млн га (+1 055,5 мың га), картоп – 131,2 мың га (+9,3 мың га).
Мал шаруашылығында 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында барлық мал түрлерінің басы өскен: ІҚМ – 8,3%-ға (8,8 млн бас), қой мен ешкі – 0,8%-ға (21,5 млн бас), жылқы – 4,7%-ға (4,6 млн бас), құс – 2,7%-ға (47,7 млн бас).
Азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 10,5%-ға өсіп, 1,8 трлн теңгені құрады. Сүт, ет, ұн, макарон өнімдері, өсімдік және сары май өңдеу көлемі артты.
«Қазақстан өзін негізгі азық-түлік өнімдерімен 80–100% және одан да жоғары деңгейде қамтамасыз етіп отыр. Ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс, ұн өнімдерімен ел тұрғындарының қажеттілігін толық өтеуде. Дегенмен, құс еті, шұжық, ірімшік, қант және балық өнімдері бойынша импорт сақталуда», – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Аталған бағыттардағы тәуелділікті төмендету үшін инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 2022–2024 жылдары қуаттылығы 144 мың тонна болатын 17 құс фабрикасы іске қосылды. Бұл құс етімен қамтамасыз ету деңгейін 67%-дан 79%-ға жеткізді. 2028 жылға дейін тағы 41 кәсіпорын іске қосылып, толық өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізіледі.
Егер 2019 жылы елде небәрі 19 сүт фермасы болса, бүгінде олардың саны 69-ға жетті, тағы 47-сі салынуда. Барлығы 116 ферма іске қосылған соң сүт өндірісі жылына 600 мың тоннаға артып, ірімшік пен сүзбе қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі.
Сурет: АШМ