«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің құрамындағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры алматылық кәсіпкерлерді жүйелі түрде қолдауды жалғастыруда, деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.
Қор жеңілдетілген несиелеу, кепілдендіру және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетіктері арқылы бизнестің дамуына және өңір экономикасының нығаюына серпін беріп отыр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында қалада 140 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, кәсіпорындардың жалпы өнім көлемі 17 трлн теңгеден асқан.
«Шағын және орта бизнес – қаланың экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күші. Біздің міндетіміз – мемлекеттік қолдау құралдарының кәсіпкерлерге шынымен көмектесіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жағдай жасау», – деді «Даму» КДҚ» АҚ Алматы филиалының директоры Жандос Нұрғазинов.
2025 жылы Алматы қаласында «Өрлеу» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 56,6 млрд теңгені құрайтын 114 жоба қолдау тапты. Ал кепілдендіру құралы арқылы 255 келісімшарт жасалып, олардың жалпы сомасы 24,2 млрд теңгені құрады. Бұл жобалардың жалпы құны 43,3 млрд теңгеге жетті.
Алматыда журналистер бірқатар кәсіпорынға барып, мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижелерімен танысты. Олардың қатарында «Qaz Package» ЖШС бар. Компания ет және азық-түлік өнімдеріне арналған қаптамалар шығарады. Жоба импортты алмастыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Кәсіпорын инвестицияға 580,5 млн теңге, айналым қаражатын толықтыруға 100 млн теңге қаржы тартып, 174,8 млн теңге көлемінде «Даму» қорының кепілдігін пайдаланған.
«Даму» қорының қолдауы бизнес үшін тек қаржылық құрал ғана емес, сонымен қатар еліміздің өндірістік әлеуетін арттырып, экономикасын еселеуге ықпал етеді.
Сурет: «Даму» КДҚ» АҚ














































