Шығыс Қазақстан облысында «Дала күні 2025» көрмесі өтті. Оған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков және аграрлық сала ғалымдары мен мамандары қатысты. Ресейден, Украинадан және Болгариядан келген өсімдік шаруашылығы саласының ғалымдары баяндама жасап, тәжірибелерін бөлісті.
Іс-шара барысында демонстрациялық алаңға тәжірибе үшін егілген дәнді-бұршақты, майлы дақыл тұқым түрлері, ауыл шаруашылығы техникалары, тыңайтқыштар мен егіс алқабына қолданылатын дәрі-дәрмектер таныстырылды.
Мамандар майлы дақылдардың, бидай мен арпаның жаңа тұқымдары несімен ерекшелетінін көпшілікке түсіндірді. Олар құрғақшылыққа, түрлі өсімдік ауруларына төзімді келетінін, өнімділігі жоғары болатынын айтты.
Көрменің конференцияға арналған бөлімінде аграрлық сала ғалымдары баяндама жасап, егін егетін фермерлер қандай мәселеге ерекше назар аударулары керегін түсіндірді. Ж,Жиенбаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ Басқарма төрағасы Бақытжан Дүйсембеков тұқымдық материалдардың сапалы болуы өте маңызды екеніне ерекше тоқталды.
«Фермерлер көп жағдайда тұқымның сапасын фитосанитарлық сараптамадан өткізбей егеді. Тіпті импортталған қымбат, сауықтырылған тұқымдарыдың өзінен көп жағдайда түрлі аурулар анықталып жатады. Мұндай тұқым дұрыс өнім бермейтіні анық. Статистикаға сүйенсек, ауру тұқымнан 50 пайызға дейін кем өнім жиналады. Осыған сәйкес еліміз жыл сайын шамамен құны 250 млрд теңге болатын өнімнен қағылып отыр. Сондықтан ең алдымен тұқымның тазалығына, оның ешқандай ауруы жоқтығына көз жеткізіп алған дұрыс. Ауру тұқым себілген егіс алқабының өзі бүлінетінін естен шығармаған жөн», — деді баяндамасында Бақытжан Дүйсембеков.
Саланы қаржыландыру, мемлекеттік қолдау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Баяндама жасаған «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ШҚО филиалының директоры Гүлнұр Солтанбаева Корпорацияның несие бағдарламаларын таныстырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көрсетіліп отырған қолдаулар жайлы айтты. Көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыруға арналған «Кең дала», саланың барлық бағытын қамтитын «Агробизнес», шағын кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Іскер» бағдарламалары туралы толық мағлұмат берді.
Ауыл шаруащылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков журналистерге бүгінгі іс-шараның маңыздылығын айтып берді.
«Бүгінгі өтіп жатқан «Дала күні 2025» көрмесі өте маңызды іс-шара. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігінің фермерлерге соңғы жаңалықтарды жеткізу, тың технологияларды кеңінен түсіндіру бағдарламасының аясында өтіп жатыр. Ең бастысы — тұқым селекциясымен айналысатын ғалымдарымыз, сарапшылар және егін егетін фермерлер бас қосты. Олар бүгінгі заманауи жетістіктер жайында әңгімелесіп, озық тәжірилерімен бөлісті. Министрлік тұқымға ерекше көңіл бөліп отыр. Мол өнім алу ең бірінші осы тұқымға байланысты болады. Ғалымдарымыз құрғақшылыққа төзімді жаңа тұқым селекциясын шығарды. Бүгін соларды фермерлеге таныстырып, түсіндіріп жатыр. Аграрилер болашақта осындай ғылыми жетістіктерді, жаңа тұқым түрлерін сатып алып егетін болса, мол өнім алады деген сенім бар. Өте пайдалы кеңес алатын алаң болды», — деді Ербол Тасжүреков.
Іс-шарада өсімдік шаруашылығымен айналысатын фермерлер ғылыми негізге сүйенбей жұмыс істеуге болмайтынын түсінді. Ауыл шаруашылығы саласының қай бағыты болса да жұмысты ғылыммен ұштастыра отырып, заманауи тың технологиялар мен техникаларды, климаттың өзгеруіне байланысты жаңадан шығарылған тұқым түрлерін пайдалану арқылы мол өнім алуға болатыны жиналған фермерлердің қаперіне құйылды.
Суреттер: Agrotrend.kz