Қазақстанның ірі ет өңдеуші кәсіпорындарының бірі – «Кублей» компаниясы өзінің шикізат қорын нығайту мақсатында 20 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіпорынды дамыту жоспары Премьер-министр Олжас Бектеновтің Орал қаласындағы «Кублей» зауытына жұмыс сапары барысында таныстырылды.
Құрамына ет өңдеу кешені мен консерві зауыты кіретін «Кублей» кәсіпорны бүгінде Қазақстандағы консерві өнімдерінің 65 пайызын өндіреді. Компанияның ассортиментінде 200-ден астам өнім атауы бар, олардың бір бөлігі БАӘ, Қытай, Түркия, Ресей, Қырғызстан және басқа елдерге экспортталады.
Батыс Қазақстан облысы республикада етті бағыттағы ірі қара мал саны бойынша бірінші орында. Қазіргі уақытта өңірде 45,6 мың басқа арналған 16 бордақылау алаңы жұмыс істейді.
Жергілікті өндірушілермен кездесуде Премьер-министр ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етудің және агроөнеркәсіп кешенінде терең өңдеуді дамытудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ бейінді министрліктер мен облыс әкімдігіне ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту және өнімді қайта өңдеу мен өткізудің жаңа тізбектерін құру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Сурет: primeminister.kz














































