Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесу өткізді, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Басты мақсат – мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарының негізгі бағыттарын түсіндіру, сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысымен танысу.
Кездесу «Надеждинка» серіктестігінде базасында өтті. Онда министр аграршыларға қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары мен саладағы негізгі жаңашылдықтар туралы ақпарат берді.
Екінші жыл қатарынан фермерлер ауыл шаруашылығы саласының тұрақтылығы мен тиімділігін дәлелдей отырып, жоғары нәтижелер көрсетіп келе жатқаны айтылды.
Мәселен, 2024–2025 ауыл шаруашылығы маусымында астық экспорты 15,3 млн тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 60%-ға артты. Бұл – соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
«Мемлекет басшысы айқындаған даму бағыты мен Үкіметтің қолдауының арқасында бүгін біз осындай нәтижелерге қол жеткіздік. Биыл егіс алқаптарын әртараптандыру жалғасады. Ел бойынша жалпы егіс көлемі шамамен 23,8 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Бидай алқаптарын кезең-кезеңімен 12,1 млн гектарға дейін қысқарта отырып, майлы және мал азығы дақылдарының көлемін ұлғайту көзделген» — деді министр.
Биыл мал шаруашылығын дамытуға ерекше басымдық берілетіні айтылды.
«Биылғы дамудың негізгі қозғаушы күші мал шаруашылығы болады. Осы мақсатта Үкімет тарапынан қаржыландыру көлемі 400 млрд теңгеден асатын кешенді жоспар бекітілді. Наурыз айынан бастап жылдық мөлшерлемесі 6%-дан аспайтын “Игілік” және “Береке” жеңілдетілген несие өнімдері іске қосылды. Олар асыл тұқымды мал сатып алуға бағытталған. Сонымен қатар жақын уақытта жайылымдық мал шаруашылығы мен жайылым инфрақұрылымын дамытуға арналған “Жайлау” бірыңғай бағдарламасы іске қосылады», — деді Айдарбек Сапаров.
Сондай-ақ мал шаруашылығы кәсіпорындары үшін айналым қаражатын толықтыруға арналған жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру бағдарламасын енгізу жоспарлануда.
Ірі жер пайдаланушыларды мал шаруашылығын дамытуға тартуға да ерекше назар аударылды. Аралас шаруашылық үлгісіне көшу жерді тиімді пайдалануға және ауылда жыл бойы жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сурет: АШМ













































