Ақмола облысында бүгінге дейін 5 миллион тоннадан астам астық жиналды, деп хабарлады t.me/Aqmola_region. Орақ науқаны тек 70%-ға жуық егіс алқабын қамтыған.
Шаруалар қарқынды еңбек етіп жатыр және қазірдің өзінде биылғы жиын-терім соңғы жылдардағы ең ауқымды науқандардың біріне айналуда. Өткен жылы жалпы өнім көлемі 6 миллион тоннаға жеткен болатын, ал биыл бұл көрсеткіш одан жоғары болады деп болжанып отыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, орташа түсім гектарынан 15,6 центнерден айналған. Бұл өткен жылғы нәтижеден жоғары. Бидайдың 70%-дан астамы үшінші сыныпқа сәйкес келеді, бұл дәннің жоғары сапасын көрсетіп, оның ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие екенін дәлелдейді.
Мол өнімге мемлекеттік қолдау шаралары мен агросекторға заманауи технологияларды енгізу ықпал етті. 2025 жылы минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемі үш есеге артып, 336 мың тоннаны құрады. Майлы дақылдардың егіс көлемі алғаш рет 495 мың гектардан асып отыр, ал екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 200 мың гектардан төмен болатын.
Сурет: Ақмола облысының әкімдігі