Биыл елімізде шамамен 1 млн 100 мың тонна қант қызылшасы жиналады, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
«Биыл қант қызылшасының егіс көлемі 25,2 мың гектарды құрады. Жалпы жиналатын көлем шамамен 1 млн 100 мың тонна болады деп күтілуде. Меркі қант зауытында 450 мың тонна, Көксу зауытында 250 мың тонна, Ақсу зауытында 400 мың қант қызылшасын қабылдау және оны өңдеу жоспарланған», — деді Үкімет басшысы жауабында.
Оның атап өтуінше, қант зауыттарын айналым қаражатымен толықтыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды кредиттеу тетігі әзірленген.
«Мәселен, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Ақсу Қант» ЖШС-ның айналым қаражатын толықтыру үшін 15 млрд теңгенің өтінімін мақұлдады. Меркі қант зауытын 9 млрд теңгемен қаржыландыруға берілген өтінім қарастырылуда. Қант қызылшасын жұмыс істеп тұрған зауыттарға жеткізу тиімділігін арттыру мақсатында қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп қосымша қаражат бөлу мәселесін пысықтауда. Биыл 9-қазандағы жағдай бойынша қант зауыттары 345 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге қабылдады», — деді Олжас Бектенов.
Сурет ҚазАқпарат агенттігінен алынды