Түркістан облысының Бәйдібек ауданына қарасты Жиенқұм ауылында «Байсары» асыл тұқымды қой көрмесі өткен еді. Сол төңіректегі қой өсірушілер түгел жиналды. Бірінен бірі өтетін құйрықты қошқарлар көрменің сәнін келтірді. Біздің назарымызды аудартқан нақ «Байсары» қошқарлары болды. Өйткені ол – отандық жаңа қой тұқымы. Енді оның ерекшелігі мен артықшылығын білу үшін отандық қой тұқымын шығарысуға атсалысқан авторлдардың бірі, Бәйдібек ауданындағы «Молшылық» шаруа қожалығының басшысы Біржан Елтаев мырзаны сөзге тартып, сұхбаттасқан едік.
– Біржан мырза, «Байсары» асыл тұқымды қой көрмесінің мақсаты не?
– Бұл көрме – өте мыңызды іс-шара. Негізгі мақсат – осы төңіректегі шаруалар өсіріп отырған қойдың қай деңгейде екенін анықтау. Сосын, фермерлерді ынталандыру. Мына жердегі кілең іріктелген үздік қошқарларды көргеннен кейін өзінің қорасындағы малын салыстыра алады, сөйтіп алға ұмтылады. Осы арқылы қорасындағы қойын асылдандыруға бет бұрады. Негізі шаруалар салмаққа жұмыс істеулері керек. Бір қойыңыздың 30 келі ет бергені жақсы ма, әлде 50 келі ет бергені жақсы ма? Қазір еттің бағасы да көтеріліп келеді. Сапалы, салмақты мал өсірген шаруаның жағдайы жақсы болады. Осы орайда көрмені ұйымдастыруға ұйытқа болған Кенжеәлі Мұғалбаев бауырымыздың еңбегі зор екенін айта кетуіміз керек.
– Көрменің атауы – «Байсары» асыл тұқымды қой көрмесі. Ендеше осы қой тұқымының шығу тарихы туралы айтсаңыз.
– Бұл тұқымды шығару оңай болған жоқ. Он жылдан астам уақыт кетті. Қандай тұқым қосамыз, қалай сапалы қой тұқымын шығарамыз деген сияқты мәселелермен көп айналыстық. ДНК-сын анықтау, құжатын бекіту жұмыстары да жеңіл болған жоқ. Бұл қойда қазақтың Еділбай қойының, Гиссар, Арашан, Ауған қойларының қаны бар. Ғылыми түрде дәлелденген. Ғалымдар қанының талшықтарына дейін зерттеп, анықтап құжатқа тіркеген. Асыл тұқымды қой дәрежесі берілген. Бәйдібек ауданында «Байсары» қой тұқымын өсіріп отырған төрт шаруашылық бармыз. Дәл қазір төрт мың басқа жеткіздік. Осының екі мың басына асыл тұқымды дәрежесі нақты берілді. Мұның ерекшеліктері – қысқа төзімді, жайылымға бейім, туған кезде қозысы 10-15 минуттың ішінде аяқтанып, енесіне еріп кете алады. Қойшыға да жеңіл. Есіңізде болса, кезінде меринос қойы туғанда жас балаша мәпелейтінбіз. Арнайы жылы орынға қамайтын едік. Аяқтанғанын күтеміз, екі-үш күн емізіп, ширап кеткенше күтімге қоятынбыз. Енді екеуін салыстыра беріңіз.
– Ет сапасы мен салмақ жағы қалай?
– Осыдан 10-15 жыл бұрын қозылар 20 келі ет берсе қуанатынбыз. Бұл недеген үлкен қозы деп таңданатынбыз. Қазір 20 келілік қозы біз үшін ұят. 4-5 айлық қозылар 30 келіден артық таза ет береді. Осыдан бірнеше жыл бұрын 30 келі етті 2 жасар қошқарлар беретін. Міне осыдан-ақ қандай деңгейге көтерілгенін бағамдай беріңіз. Айырмашылық алшақтап барады. Бұл үлкен жетістік. Ал етінің сапасына сөз жоқ.
– Қой шаруашылығын қолға алған жастардың малын асылдандыруға, сапасын арттыруға деген талпыныстары қалай?
– Халқымызда «Көш жүре түзеледі», деген сөз бар ғой. Бұл бағыттағы қой өсірушілердің талпынысы өте жақсы. Біренен бірі көріп, қығушылық танытып, малының ретін жақсартып жатқан азаматтар жетерлік. Қазір малды бақса және сапалы мал бақса оның пұл болатынын, отбасын асырай алатынын, тіпті қалталы азмат деңгейіне көтеріле алатынын біледі. Жастар осыны жақсы түсініп, ұмтылып жатыр.
– Байсары қой тұқымы осы Түркістан облысында ғана ма, әлде басқа аймақтарда да бар ма?
– Түркістан облысынан бөлек, Алматы және Жамбыл облыстарында Байсары қойын өсіріп отырған шаруашылықтар бар. Олар тек өсірушілер емес, осы қой тұқымының шығуына атсалысқан, аянбай тер төккен азаматтар. Осы істі алғаш қолға алған күннен бастап, нәтижесі қалай болар екен деп уайымдаған жігіттер. Соңында міне, жақсы нәтиже шықты.
– Байсары қой тұқымын Абай облысына апарып өсіретін болса, ол жаққа жерсіне ме, ол жақтың климатына бейімделе ала ма?
– Мен сізге бір мысал айтайын. Егер қырғыздардың Арашан қой тұқымын жері қуаң, жайылымы жұтаң осы ауылға алып келетін болсаңыз, ары кетсе үш күн ғана шыдайды. Төртінші күні күтімге алуға тура келеді. Ал Байсары кез келген климаттық жағдайға және жайылымға бейімделген. Семей жаққа апарып, жылы жерде баптасаңыз әрине тіпті тамаша болады. Ал жайылымға жіберсеңіз оған да ыңғайлы. Сөзсіз жерсінеді. Ол жағына алаңдаудың қажеті жоқ. Абай облысы біздің өңірге қарағанда шөбі қалың әрі қоңыр салқын жер ғой. Байсарыға тіпті қолайлы болады. Содан кейінгі бұл қой тұқымының ерекшелігі – көктем, жаз айларында тақыр болып жүреді. Қазан, қараша айларында түбіті көтеріліп, қыстың суығына дайындалады. Ондай қасиет бұл қойдың қанында бар. Наурыз, сәуір айларында түбіті жоғалып, жұқа қылшықты қойға айналады. Тағы бір ескеретін жайт, бұл қойда жүн маңызды рөл атқармайды. Тек ет және салмақ маңызды. Байсары қойының тұқымы тек етті бағытқа бағдарланған тұқым. Неғұрлым қылшықты болса, соғұрлым салмақты болады, осыны да біле жүріңіздір.
– Осы көрмеге қаншама шаруашылық қошқарларын алып келген екен. Өзіңіз көрдіңіз, көңіліңіз толды ма?
– Иә, көңілім толады. 2018-2020 жылдардағы қошқарлар емес. Нашар қошқарларын әкелуге жұрт ұялады қазір. Ондай өз басымнан да өткен. Осыдан 3-4 жыл бұрын көрмеге қошқар әкелуге ұялатынмын. Қазір еңсемізді тік ұстап келеміз. Деңгейіміз әлдеқайда өсті. Өйткені бәсекеге қабілетті қой тұқымын өсіріп отырмыз. Салмақ керек болса дайынбыз, бойын өлшейтін болса да жерге қаратпайды. Кез келген параметрге сай келетін мал өсіретін адамның әрқашан еңсесі биік, жүзі жарық, жағдайы, тұрмысы жақсы болады. Әсіресе қаны таза, тұрқы биік, бітімі бөлек, салмағы басым асыл тұқымды қой өсірсеңіз берекеге кенелесіз.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!