Облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданының Көлденең ауылындағы «Юбилейный» шаруа қожалығында болды, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
1996 жылы құрылған шаруашылықта бүгінде 100-ге жуық адам еңбек етеді. Шаруашылықтың жер көлемі 17 387 гектар. Оның 5 мың гектары егістік, 602 гектары шабындық, 11 785 гектары жайылымдық жер. Шаруашылықтың егістік алқаптарында бидай, арпа, сұлы, күнбағыс өсіріледі. Бұдан бөлек көпжылдық шөптер де егілген.
Қожалықта мал шаруашылығы да қатар дамып келеді. Серіктестікке тиесілі мал саны 752 бас. 40 бас ірі қара, 500 жылқы, 200 қой-ешкі, 12 бас түйе бар.
Кәсіпорынның қарамағында 60 техника қолданыста. Оның ішінде 30 трактор, 6 комбайн, «Джуля» себу кешені, тұмандатып бүріккіш, «АГС» маркалы топырақ тегістегіштер, «Макино» сығымдағыштары және басқа да техникалар бар.
Қожалық басшысы Мамырбек Қарашев Көлденең ауылының дамуына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Жеке қаражатына клуб, мешіт және қатымхана салып, халықтың игілігіне берді. Серіктестік жұмысшыларының әлеуметтік жағдайына айрықша назар аударып, олардың әл-ауқатын жақсартуға күш салады.
«Өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуда ірі қожалықтардың үлесі зор. «Юбилейный» серіктестігі егін және мал шаруашылығын қатар дамытып қана қоймай, ауылын дамытуға көмектесіп, әлеуметтік жауапкершілік танытып отырғаны қуантады. Бұл қожалықты жақсы білеміз. Әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетеміз. Өйткені, мұндай үлгілі қожалықтар ауыл-аймақтың өркендеуіне тікелей ықпал етеді», – деді облыс әкімі.
Сурет: әкімдік