Түркістанда етті, майлы қой тұқымдарының V халықаралық көрмесі өтті. Оған Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ингушития, Моңғолия, Молдова елдерінен қой шаруашылығымен айналысатын 200-ге жуық фермер және еліміздің өзге облыстарынан келген шаруалар қатысты.
Көрмеде Гиннесстің рекордтар кітабына енген «Байсары» атты асыл тұқымды қой тұқымы көпшілік назарына ұсынылды. Еттілігімен ерекшеленетін «Байсары» тұқымды ең үлкен қошқардың салмағы – 231 келі тартады.
Бәйдібек ауданындағы «Нұрболат» шаруа қожалығының жетекшісі Кенжеәлі Мұғалбаев «Байсары» қой тұқымы өзгелерден ерекше екенін айтады.
«Қазақ қылшық жүнді қойына Еділбай тұқымын, Тәжікстаннан Гиссар тұқымын, Қырғызстаннан, кейін Ауғанстаннан қошқар әкеліп қосып, «Байсары» деген жаңа тұқым шығардық. Бұл еліміздегі ең соңғы жаңа қой тұқымы. 2023-жылы ресми патентін алды. Қазіргі уақытта 12 шаруашылық селекциялық жұмыспен айналысады. Қазір бұл тұқым 5 мың бастан асты. «Байсары» қой тұқымы күннің ыстығына да, суығына да төзімді. Кез келген климатқа тез бейімделеді», — дейді К.Мұғалбаев.
Басқа қойларға қарағанда бір жылда 3 есе салмақ қосатын көрінеді. Сәйкесінше бағасы да арзан емес. Мәселен, қозылары 200 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін бағаланады екен.
Түркістан облысында асыл тұқымды қой санының үлесі 13 пайыз немесе 581,4 мың басқа жеткен. Асыл тұқымды мәртебесі бар 850 агроқұрылым жұмыс істейді. Соңғы 10 жылда мал шаруашылығы саласында санға емес сапаға мән беріле бастаған. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың айтуынша, мал тұқымын асылдандырып, дәстүрлі шаруашылықтан заманауи мал бағу тәсіліне көшкен қожалықтардың табысы еселеніп, әлеуеті арта түскен.
Іс-шара аясында етті-майлы қой тұқымының «Ең ауыр салмақты», «Бой биіктігі», «Сыртқы экстерьер» аталымдары бойынша байқаулар өтті. Нәтижесінде 45 номинацияның жеңімпазы анықталып, қазылар алқасының шешімімен үздік қошқар иелеріне бағалы сыйлықтар және кубоктар табысталды. Жалпы жүлде қоры – 30 000 АҚШ доллары.
Сурет: «Нұрболат» шаруа қожалығы