Азық-түлік корпорациясы қытайлық «Сиань Ай Цзюй» өнеркәсіптік тобымен қазақстандық агроөнімді өңдеу және Қытайға экспорттау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы меморандумға қол қойды. Келісім Солтүстік Қазақстан облысында алдағы уақытта қытайлық сатып алушыларға жөнелтілетін азық-түлік және ұн, өсімдік майын және қазақстандық астықтан жасалған басқа да өнімдерді өндіруді көздейді, деп хабарлады Азық-түлік корпорациясының баспасөз қызметі.
Сәуір айында Азық-түлік корпорациясы Солтүстік Қазақстан облысындағы қытайлық топқа тиесілі зауытқа 10 мың тонна көлеміндегі астықтың сынақ партиясын жөнелтті. Енді тараптар ұзақ мерзімді әріптестікті дамытып, дәнді және майлы дақылдарды жеткізу көлемін 200 мың тоннаға дейін ұлғайтуға ниетті.
Ұлттық компания Сианьда Чаньба (Сиань) халықаралық құрғақ портының операторымен тағы бір меморандум жасады. Бұл логистикалық хаб Азия мен Еуропаның 45 еліне теміржол жеткізілімдерін ұсынады. Қытай тарапы қазақстандық компаниялардың қатысуымен контейнерлік және мультимодальдық тасымалдарды кеңейтуге қызығушылық білдірді.
Азық-түлік корпорациясы хабарлағандай, қол жеткізілген келісімдер қазақстандық өнімді Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына шығару үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Cурет: Азық-түлік корпорациясы