2025-жылы сыйақы мөлшерлемелерін тікелей субсидиялау жолымен өңдеуші кәсіпорындарға Аграрлық несие корпорациясы арқылы несие берудің жаңа тетігін сынақтан өткізу жоспарлануда, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Алматыда ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесуде 2024-жылы айналым қаражатын толықтыруға арналған өңдеуші кәсіпорындарды жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасы іске қосылғанын атап өтті. Бағдарлама отандық өңдеу зауыттарының жүктемесін арттыру жөніндегі міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.
2025-жылы сыйақы мөлшерлемелерін тікелей субсидиялау және 48,5 млрд теңге сомасында қайта өңдеу кәсіпорындары үшін айналым қаражатын толықтыруға тартылған қаржыны Аграрлық несие корпорациясы арқылы беру жаңа тетігін сынақтан өткізу жоспарлануда.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша АШМ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту және оның үлесін өндірілетін шикізаттың 70%-на дейін жеткізу жөнінде шаралар қабылдауда. Қайта өңдеуді қолдаудың жаңа шараларын, жаңа өткізу нарықтарын ашуды, сондай-ақ қазақстандық қайта өңдеушілерді қолдау үшін қорғау шараларын қолдануды көздейтін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі Кешенді жоспары қабылданды. Жоспарды іске асыруға бес жыл ішінде 372 млрд теңге, оның ішінде инвестициялық мақсаттарға 150 млрд теңге және айналым мақсаттарына – 222 млрд теңге бөлу жоспарлануда», — деді вице-министр.
Шикізат мәселесін жүйелі түрде шешу үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы АӨК-те ірі өнеркәсіптік инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша СҚО тәжірибесін қолдану шаралары қабылдануда. Биыл қуаттылығы 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 тауарлы сүт фермасын іске қосу жоспарланған. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінді.
«Кешенді жоспардың негізгі бөлігі ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да сату көлемін кеңейту мәселесі болып отыр. Жоспарды іске асыру өңделген өнімнің жалпы өндірісін 1,4 есеге арттыруға, сондай-ақ АӨК ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін арттыруға мүмкіндік береді», — деді Азат Сұлтанов.
Сурет: АШМ