Ақмола облысының Атбасар ауданында «Бастау» ЖШС-нің тауарлы сүт фермасының құрылысы аяқталуға жақын. Жоба Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа кәсіпорын 900 бас ірі қараға арналған, ал болашақта 1,2 мың басқа дейін ұлғайтылмақ. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы хабарлады.
Кәсіпорын директоры Данияр Мукушевтің айтуынша, фермада жоғары өнімді гольштино-фриз тұқымына басымдық берілген. Маусым айында Даниядан 559 бас ірі қараның алғашқы легі жеткізіледі. Қазіргі таңда нысандағы бес корпустың үшеуі дайын, қажетті жабдықтардың басым бөлігі жеткізілген. Қыркүйек айына дейін құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, қараша айында сауым бастау жоспарланып отыр.
Облыс әкімі Марат Ахметжанов нысанға барған жұмыс сапары барысында шілде айына дейін қора-жайларды мал қабылдауға толық дайындауды тапсырды.
Сурет: облыс әкімдігі













































