Қазақстанда картоп өсіру ауыл шаруашылығының маңызды саласына айналған. Дәнді дақылдардан кейін екінші орында және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Картоп – негізгі әлеуметтік азық-түлік себетіне кіретін өнім. Ертеректе екінші нан деп атаған. Ішкі нарықта өте сұранысқа ие көкөністердің қатарына жатады. Ал картопты өсірудің өз машақаты бар, қажырлы еңбек пен күтімді қажет етеді.
Картоп өсіруден Павлодар облысы көш бастаса, келесі орынды Алматы мен Ақмола облыстары иеленеді. Қарағанды, Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстары да олжалы аймақтар. Бұл өңірлердің құнарлы топырағы мен су ресурстары картоп өсіруге қолайлы. Өткен жылы елімізде 3 млн тоннаға жуық картоп жиналған. Бұған жоғарыда аталған аймақтардың қосқан үлесі орасан.
Картоп өсірудің қыр-сыры мен елдегі болашағын қарағандылық кәсіпкер Асылхан Туғанбаевтан сұрадық. Ол 2015 жылдан бері картоп егіп келеді. Осы уақыт аралығында шаруашылықтың бейнетін де, қызығын да көрген маман.
«Картоп өсіре бастағанда біраз қиындық болды. Әр істің өз бейнеті бар. Ол кезде тәжірибеміз де жоқ еді. Бірақ кейін осы кәсіпті зерттей жүріп үйрендік. Шын ниет болса адам баласының қолынан келмейтін іс жоқ деп ойлаймын. Бірінші репродукциядағы тұқымдық картоп қолданған дұрыс болады. Мен «Гала» тұқымын ектім. Ешқандай целитра қоспай, таза өнім алдық. Химикат қоспаған соң өнім табиғи әрі дәмді болады. Әлі де соны егемін. Бұл бір ерекше тұқым. Сырты сұр, іші сап-сары болады. Халыққа ұнайды, сұраныс жоғары», – дейді тәжірибесімен бөліскен диқан.
Бір гектардан орта есеппен 25-30 центнер өнім алынады. Кейбір ірі шаруашылықтарда бұл көрсеткіш 40 центнерге дейін жетеді. Көзін тапса, картоп өсіру берекелі кәсіп.
Қарағандылық шаруа 10 гектар жерге картоп егеді екен. Күзге дейінгі күтіп-баптау процесі қалай болатынын да тілге тиек етіп, табанды еңбекті қажет ететін шаруа екенін айтты.
«10 гектар жерден 250-300 тонна картоп аламыз. Он бес шақты жұмыскер бар. Бәріне өзім картоп өсірудің технологиясын жеке-жеке үйреттім десем де болады. Мен үшін олардың білгені маңызды. Себебі картоп күтімі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Уақытылы суару, түптеу, зиянкес жәндіктерден қорғау сияқты жұмыстары бар. Одан бөлек арамшөп басып кетпеуін қадағалап отыру керек. Кейбір жылдары жаңбыр қалың жауса, кей жылдары күн ыстық болады. Картоптың күтімін ауа райына қарай реттеп отырамыз. Жақсы шыққан өнімді жинап алудың өзі қыруар күшті қажет етеді. Бір сөзбен айтқанда, тынбай еңбек ету керек», – дейді аға кәсіпкер.
Шаруаның айтуынша, қазір елдегі картоп өсірумен айналысатын фермерлер бірнеше күрделі мәселемен бетпе-бет келеді екен. Атап айтқанда:
- Шетелдік картоп тұқымдарына тәуелділік;
- Шағын шаруашылықтарда техника мен құралдардың жетіспеушілігі;
- Суару жүйелерінің ескіруі;
- Заманауи қоймалардың аздығы.
«Осы себептерден кейде шаруалар шығынға ұшырап, нарықта отандық картоп ортайып қала ма деген қауіп бар. Аталған проблемалар шешілсе, саланың әлеуеті зор. Себебі қазірдің өзінде Қазақстан картопты Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдеріне экспорттайды, тек тұқымдық материалдың бір бөлігін Еуропа мен Ресейден сатып алады. Мәселен, 2024 жылы 605 мың тоннаға жуық картоп экспортталған, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 1,5 есе артық. Бұл көрсеткіш соңғы 10 жылдағы рекордтық деңгейге жеткен», – дейді шаруа.
Қазір тамшылатып суару, жаңбырлатып суару технологиялары кеңінен қолданылып келеді. Бұл суды үнемдеуге септігін тигізеді және өнімділікке оң әсер етеді. Су үнемдеу технологиясын қолданатындарға сатып алған қондырғысы құнының 85 пайызына дейін субсидия беріледі. Бұл бір шешімін тапқан мәселе. Ал жергілікті климатқа төзімді, өнімділігі жоғары отандық картоп тұқымын көбейту жағы кенже қалып келеді. Шаруалардың жеңілдетілген лизингпен техника алу жағы қолжетімді болса, көкөніс қоймасын салып алуларына мүмкіндік жасалса, картоп шаруашылығы Қазақстанда жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін.
«Мен де субсидия аламын. Бірақ суға төлейтін салығымыз да аз емес. Қосымша шығындар көп. Техниканың сайманы мен отыны да қымбат. Тұқымның бағасы өсіп жатыр. Сол шығындарды есептей келе, біз де өнім бағасын көтеруге мәжбүр боламыз», – дейді кәсіпкер.
Картоп өндірісін қолдау — аграрлық саясаттың басты бағыттарының бірі болуы тиіс. Шетелдің озық тәжірибесін тарту жағын да қарастырған жөн болар еді. Асылхан Туғанбаевтың да арманы сол – басқа мемлекеттің өсімдік шаруашылығын зерттеп, үйренген теориясы мен тәжірибесін өз кәсібіне қолданып көру. Азық-түлік қауіпсіздігі алдыңғы орында тұрған заманда озық тәжірибе мен тың технологияға сүйенбесе болмайды. Осыны жақсы түсінген кәсіпкер АҚШ тәжірибесін меңгеруге тәуекел етіп отыр.
«Мен АҚШ-тың тәжірибесін көргім келеді. Осы жақтағы өсімдік шаруашылығы қандай, соны меңгерсем деймін. Американың оңтүстік штаттарында өсімдік шаруашылығы жақсы дамыған екен. Солардың теориясын оқығым келеді, тәжірибесін зерттегім келеді. Себебі бұлардың жүйесі бөлек, технологиясы басқа», – дейді қарағандылық кәсіпкер Асылхан Туғанбаев.
Отандық кәсіпкердің дамыған ел – АҚШ-тың тәжірибесіне ұмтылғаны қуантады. Өзінің білгені мен түйгенін озық үлгімен ұштастырса ұтары көп болатынына сенім мол. Тек сәттілік тілейміз!
Мақала авторы Рахила Бекназарқызы