2025-жылы Қазақстанда астық экспорты көлік шығындарын өтеу бағдарламасының арқасында 13 млн тоннадан асты. Экспорттаушылар мен астық өндірушілерге 30 млрд теңгеден астам субсидия төлемі жасалды. Бұл экспортқа жөнелтілетін 1,7 млн тоннадан астам бидай тасымалы шығынын өтеуге мүмкіндік берді, деп хабарлады Азық-түлік корпорациясының баспасөз қызметі.
Корпорацияның басқарма төрағасы Асылхан Джувашев Алматыда өткен Kazakh Grain&Logistic Forum халықаралық конференциясында хабарлағандай, қазақстандық бидай Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жеткізілген. 2026-жылы Азық-түлік корпорациясы логистикалық бағыттарды кеңейту және халықаралық әріптестікті дамыту жөніндегі жұмысты жалғастырады.
Азық-түлік корпорациясы ұлттық астық нарығының операторы ретінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, фермерлерге қаржылық қолдау көрсетеді, сондай-ақ астық нарығындағы тұрақтандырушы ретінде маңызды рөл атқарады. Қолдаудың негізгі құралдарының бірі — ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық және тікелей сатып алу бағдарламаларын іске асыру. Өткен жылдың қорытындысы бойынша форвардтық қаржыландыру тетігін астық егетін өңірлердің 204 агроқұрылымы пайдаланған. Бұл мақсаттарға 30 млрд теңге бөлінді.
2025-жылдың желтоқсан айында корпорация көктемгі дала жұмыстарын ерте қаржыландыруға өтінімдерді қабылдауды бастады. Бүгінгі таңда алдын ала төлем шарттарымен 142 мың тонна астық жеткізуге шарттар жасалды. Бұдан бөлек, 2026-жылғы бағдарламалар аясында майлы дақылдар өндірісін қаржыландыру және жүгері сатып алу лимиттері ұлғайтылды.
Сурет: Agrotrend.kz















































