Астанада «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша республикалық көрме ашылды. Бұл бастама ауылдық жерлердегі шағын және микробизнеске қолдау көрсетуге және оны дамытуға бағытталған.
Жобаны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Ұлттық экономика министрлігі Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) қолдауымен жүзеге асырып жатыр.
Биыл көрмеге Қазақстанның 20 өңірінен 50 отандық өндіруші қатысып отыр. Көрме стендтерінде табиғи азық-түлік өнімдері, қолөнер бұйымдары, текстиль, косметика және ауыл шаруашылығы үшін инновациялық бастамалар көрсетілді.

Салтанатты ашылу рәсімінде Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев құттықтау сөз сөйлеп, өңірлердің тұрақты дамуы үшін жобаның маңыздылығын атап өтті:
««Бір ауыл – бір өнім» жобасының негізгі мақсаты – жергілікті ресурстардан бірегей өнімдер шығарып, оларды ішкі және сыртқы нарықтарға ілгерілету. Финалистердің іріктелген өнімдері тауар белгілерін, сапа стандарттарын, сертификаттауды әзірлеу, өткізу нарықтарын іздеу бойынша сүйемелдеуден өтеді. Бұл жобаны жүзеге асырудағы бірлескен күш-жігеріміз маңызды нәтижелерге қол жеткізуге және өңірлеріміздің өркендеуіне өз үлесін тигізетініне сенімдімін» – деді Ерлан Сағынаев.
Сонымен қатар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова финалистер мен жоба қатысушыларын құттықтап, қазақстандық өнімнің сапасы мен әлеуетінің өсу қарқынына тоқталды.
«Біз жыл сайын өнім сапасының өсіп, тауар ассортиментінің кеңейіп, орам мен маркетинг деңгейінің көтеріліп келе жатқанын көріп отырмыз. Әр бренд еңбек, білім және өз ісіне деген махаббат арқылы жасалады. Біздің міндетіміз – осы кәсіпкерлерге жаңа нарықтарға шығуға көмектесу және оларды ұлттық экономиканың тұрақты ойыншыларына айналдыру», – деді Гүлнар Бижанова.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы Қазақстанда 2023 жылдан бері Жапон тарапының қолдауымен ауқымды түрде жүзеге асырылып келеді. Жоба ауылдық өндірушілердің өз брендтерін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңірлердің экономикасын нығайтуға ықпал етуде.
Сурет: Ұлттық экономика министрлігі














































