2024-жылдың 26-қазанынан бастап Қазақстан аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне еркек тайыншалар мен тоқтыларды экспорттау квотасын бөлу қағидалары күшіне енеді. Бұл норма алты айға жарамды, деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі.
12 айдан асқан еркек тайыншаларды әкетудің сандық лимиті 85 мың басты құрайды, оның ішінде бордақылау алаңдары үшін – 55 мың бас, тауар өндірушілер үшін – 30 мың бас.
6 айдан асқан еркек тоқтыларды экспорттаудың сандық лимиті 120 мың бас. Оның ішінде бордақылау алаңдары үшін – 60 мың бас, тауар өндірушілер үшін – 60 мың бас.
12 айдан асқан еркек тайыншаларды экспортатуға бір бордақылау алаңына арналған лимиттің жиынтық саны 4000 басқа дейін, ал бір тауар өндірушіге – 500 басқа дейін.
6 айдан асқан еркек тоқтыларды экспорттауға бір бордақылау алаңына арналған лимиттің жиынтық саны 1000 басқа дейін, ал бір тауар өндірушіге – 500 басқа дейін.
Бұл ретте, бір бордақылау алаңына берілетін квота бордақылау алаңы қуатының 20 пайызынан аспауы тиіс және квотаны бөлгенде бордақылау алаңындағы мал басының нақты саны сұратылған квота көлемінен екі есе көп болуы керек.
«Сандық шектеулер (квоталар) енгізілген кезде жекелеген тауар түрлерін экспорттауға және импорттауға лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларымен толығырақ төмендегі сілтеме арқылы танысуға болады: https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/documents/details/adilet/V2300033571?lang=kk.