Ақтөбе облысында Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп саласын дамыту туралы тапсырмасы аясында ірі жоба жүзеге асуда, деп хабарлады аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Айс» ЖШС 800 басқа арналған заманауи тауарлы сүт фермасына Даниядан 330 бас голштино-фриз асыл тұқымды сиыр әкелді. Қалған 470 бас жыл соңына дейін жеткізіледі. Бұл – кәсіпорынның өндіріс қуатын арттыруға және сүт өнімдерінің сапасын жақсартуға бағытталған жоспарлы қадамдардың бірі.
Жоба «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы жеңілдікпен қаржыландырылған. 3,25 млрд теңге несие қаржысы 2,5 пайызбен берілген.
Компания өкілдерінің айтуынша, ферма құрылысы биыл аяқталып, жалпы инвестиция көлемі 5,3 млрд теңгені құраған. Кешен жылына 10 мың тонна сүт өндіруге қауқарлы.
Жаңа жобаны іске асыру нәтижесінде 50 маусымдық және 17 тұрақты жұмыс орны ашылды. Кәсіпорынның өкілдері атап өткендей, асыл тұқымды сиырларды әкелу өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып, жергілікті сүт өндірісін ұлғайтуға үлес қоспақ.

«Айс» ЖШС 2010 жылдан бері Мәртөк ауданының Саржансай ауылында жұмыс істеп келеді. Қазір шаруашылықта 2977 бас ірі қара бар, соның ішінде 1000 сауын сиырдан тәулігіне 37,8 тонна сүт сауылады. Әр сиыр орта есеппен тәулігіне 36,6 литр өнім береді.
Биыл кәсіпорын жем-шөп базасын нығайту мақсатында 2690 гектарға жүгері, арпа, қарабидай және шөп дақылдарын еккен.
Сурет: облыс әкімдігі














































