Абай облысының Ақсуат ауданында мал шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Өткен жылы төрт түлік саны едәуір өскен. Бұл туралы аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мамандардың мәліметіне сәйкес, ірі қара мал саны 129,1 мың басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға артқан. Қой мен ешкі саны 206,6 мың басты құрап, 4,8 пайыз өсім көрсетті. Ал жылқы саны 29,8 мың басқа жетіп, 4,3 пайызға өскен. Бұл көрсеткіштер аудан экономикасында мал шаруашылығының маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.
Мал шаруашылығындағы өзекті бағыттардың бірі – мал тұқымын асылдандыру. Осы бағытта 2025-жылы асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар саны 112-ге жетті. Бұл 2024-жылмен салыстырғанда 16 шаруашылыққа артық. Қазіргі таңда олардың 75-і ірі қара өсірумен, 32-сі қой шаруашылығымен, 5-еуі жылқы өсірумен айналысады.
Аудандағы асыл тұқымды мал басы көбейген. Мәселен, асыл тұқымды ірі қара – 42 400 бас, қой – 86 700 бас, жылқы – 1 770 бас. Биыл асыл тұқымды шаруашылықтар санын 125-ке жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында аудан шаруашылықтары мемлекеттен 1 млрд 400 млн теңге көлемінде субсидия алуды көздеп отыр.
Ауданның мал шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар ауыл экономикасын нығайтуға, өнім сапасын арттыруға және шаруалардың табысын көбейтуге бағытталған.
Сурет: Agrotrend.kz
















































