Ақмола облысында бидай жинау жұмыстары басталды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі. Күздік бидайдың алғашқы өнімі «Зеренда Сақтау Өнімдері» ЖШС алқаптарынан келіп түсті. Мұнда егін жинау қарқынды жүріп жатыр. Өнімділік гектарына 30–32 центнерден айналған.
«Күздік бидайды былтыр қыркүйек айында «Умка» сұрпымен сепкен болатынбыз, барлық қажетті тыңайтқыштарды септік. Қазір алқап толық пісіп, ору жұмыстары белсенді жүріп жатыр», – деді «Зеренда Сақтау Өнімдері» ЖШС директоры.
Ерте пісетін бидайды өсіруде қолданылатын ғылыми технологиялардың арқасында жақсы өнім алынады. Осы әдісті облыста кеңінен енгізу жоспарлануда.
Өңірде егіс алқаптарын әртараптандыруға басымдық беріліп, майлы және мал азығы дақылдарының көлемі ұлғаюда. Биылғы көктемгі егіс көлемі 5,5 млн гектарға жетті. Дәнді дақылдарды жаппай ору 25 тамыздан кейін басталады.
Айта кетейік, биыл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері едәуір мемлекеттік қолдауға ие болды. «Кең Дала» бағдарламасы аясында 870 фермер 103,5 млрд теңгеден астам сомаға жеңілдетілген несие алған.
Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша жыл басынан бері ақмолалық фермерлер 31 млрд теңгеге 587 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алыпты. Жалпы, биыл облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 227 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Сурет: Agrotrend.kz