Ақмола облысы елдің басты астықты өңірі екенін тағы да дәлелдеді. Бұл өлкеде қазірдің өзінде 6 млн тоннадан астам астық жиналды, ал жалпы өнім көлемі 7 млн тоннадан асады деп болжанып отыр. Мұндай жоғары көрсеткішке өңір соңғы 13 жылда жетпеген еді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Астық жинау науқанының 80%-дан астамы аяқталды, 156 шаруашылық жұмысты толықтай аяқтады. Орташа өнімділік гектарына 15,9 центнерді құрады, астықтың елеулі бөлігі жоғары сапамен ерекшеленеді. Мұндай нәтижеге қолайлы табиғи жағдайлармен қатар, аграрлық сала өкілдеріне маусымдық науқанға алдын ала дайындалуға мүмкіндік берген кешенді мемлекеттік қолдау да ықпал еткені сөзсіз», — делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Биыл егістік алқабы 300 мың гектарға ұлғайып, 5,5 млн гектарға жеткен.
«Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша мыңға жуық фермер жеңілдетілген қаржыға қол жеткізіп, машина-трактор паркін жаңартуға және шаруашылықтардың техникалық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік алған. Дала жұмыстарына 20 мыңға жуық техника жұмылдырылып, жеңілдікпен дизель отыны берілген.
«Соңғы екі жылда майлы дақылдар алқабы 2,5 есеге өсіп, алғаш рет 500 мың гектарға жетті. Сондай-ақ жоғары репродукциялы тұқымдар себілетін аумақтың үлесі артып келеді. Бұл алдағы жылдардағы жаңа рекордтық нәтижелердің негізін қалайды. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биылғы өнім соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш. 7,2 млн тонна астық пен 650 мың тоннадан астам майлы дақыл жиналады деп жоспарлануда», — деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Астық қабылдау кәсіпорындары, астық қоймалары өнімді қабылдауға толық дайын. Уақытша сақтау үшін қосымша астық сақтайтын қоймалар пайдаланылмақ.
Сурет: Ақмола облысының әкімдігі