ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында АӨК қаржыландырудың жаңа тәсілдері туралы айтты, деп хабарлады primeminister.kz.
Ол биыл көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдетілген несиелер көлемі алғаш рет 3 еседен асып, 580 млрд теңгеге жеткенін хабарлады. Осылайша, фермерлерге 5%-бен несие алуға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар қайта өңдеу кәсіпорындарын айналым қаражатымен қамтамасыз ету үшін жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды.
«Қаржыландырудың жаңа тәсілдері келесі жылы да жалғасады. Екінші деңгейлі банктер арқылы арзан қарыз алудың жаңа тетігі енгізіледі», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Жалпы, осы тетіктің арқасында егіс жұмыстарын қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге дейін, ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингі 200 млрд теңгеге дейін ұлғайтылатын болады.
«Тауарлық субсидиялардан жеңілдетілген несиелеуге біртіндеп көшу жоспарлануда. Оған 2028-жылдың соңына дейін толық көшу жоспарланып отыр», — деді Серік Жұманғарин.
Сурет primeminister.kz сайтынан алынды