Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл аманаты» жобасы аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауарлық несие» беру мәселесін қарастыру қажет, деген болатын. Бұл қандай несие, жүзеге асырылу тетігі қандай болмақ, бұл тауарлық несиені кім береді және кімдер ала алады, деген сияқты сұрақтарды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев мырзаға қойып, сұхбаттасқан едік.
— Құрметті Анас Ахатұлы, алдымен тауарлық несие түсінігіне тоқталайықшы…
— Тауарлық несие дегеніміз – жұмыс істеймін деген адамға белгілі бір шартпен қолға ақшасыз дайын еңбек ресурстарын беру. Ол мал немесе техника болуы мүмкін. Шаруаның өз күнін өзі көріп кетуіне мүмкіндік беру деп түсінгеніміз дұрыс. Мен бұл жобаны «Сауын» деп атауды ұсынамын. «Сауын» деген қайдан шығып отыр дегенге түсінік бере кетейін. Бұрын бір ауылдың байы маңайындағы тұрмысы төмен, малы жоқ отбасыларға сиыр берген. Яғни, осы сиырды сауып, өз күніңді өзің көресің дейді. Былайша айтқанда күнкөріс. «Сауын» деген содан шығып отыр. Қазақтың таным-түсінігіне де дөп келетін әдемі атау болар еді. Мысалы, Ақтөбе облысында 4 мың жылқысы бар Әлібек Базарғалиев деген кәсіпкер ағамыз өз облысына және көрші аймақтарға Мұғалжар жылқысын таратып беріп отыр. Осы жерде кім не ұтады, кімге пайдасы қандай, деген сұрақтар туындайды. Бірінші, кепілге қоятын мүлігі жоқ шаруалар бар ма, бар, несие тарихы бұзылған, ешбір банктен немесе басқа да қаржы институттарынан несие ала алмайтын шаруалар бар ма, бар. Лизингке техника алғысы келгенмен, оның 10-15 пайыз бастапқы жарнасын төлей алмайтын шаруалар бар ма, бар. Сосын, несиеге немесе лизингке дүние алғанмен есеп-қисабын жүргізе алмайтын, тіпті онымен айналысуға уақыты жоқ азаматтар да жетерлік. Бірен-саран ұқыпты, сауатты азаматтар бар шығар. Дегенмен, құжатқа, іс қағаздарын жүргізуге келгенде білімнің, есеп-қисап жағының ақсап тұрғаны жасырын емес. Сондықтан, жұмыс істеймін деген азаматтарға еңбектенудің қарапайым тетігін енгізуіміз керек. Тауарлық несие дегеніміз осы.
— Түсінікті. Енді тауарлық несиенің шарты қандай болады және ол шартты кім қояды?
— Әрине, шартты қоятын малы бар, тауарлық несиені беруші тұлға. Ол әртүрлі айтуы мүмкін. Мәселен, сен ең бастысы аналық бастың санын сақта деуі мүмкін. Мысалы жүз бас мал берсем, сен сол аналық басты сақтауың керек және жаңартып тұрасың. Егер мен жүз бие беретін болсам, кез келген уақытта сол жүз биенің бір басы да кемімей тұруы керек. Ол асыл тұқымды жылқы болса, оны да қанын бұзбай сақтау қажет болады. Оған кепілдік беруің керек. Бұл жерде сенімнің рөлі басым болмақ. Ары қарай ол жылқылардың төлі бөлісетін мал болып есептеледі. Мысалы, жыл сайын 30 пайызын тауарлық несиені берушіге қайтарып отырады, қалған 70 пайызын өз пайдасына қалдырады. Яғни, тауарлық несиені алған адам 100 бас аналықты сақтай отырып, тек төлінен пайда көруі тиіс. Тауарлық несиені беруші өзі көрген 30 пайыз пайданы тағы біреуге беріп, кәсібінің аясын кеңейтеді немесе өзінің жеке пайдасына жаратады. Бұл тетіктің тағы бір ерекше пайдалы тұсы бар. Білімді тарату жүйесі тиімді жұмыс істейтін болады. Тауарлық несиені беруші 3-4 мың бас малды асыруға бұрынғыдай басын қатырмайды. Екіншіден, ол адамның қолы ұзарып, үлкен істермен айналысуға уақыты болады. Уақыты бар адам малды асылдандырумен, ғылыммен айналысады, маркетингпен шұғылдануына мүмкіндік туады. Тауарды сату жүйесін жолға қоя алады. 3-4 мың басты қыстан шығару, төлдету сияқты әуресі көп шаруадан босағаннан кейін малдың сапасын арттыруға ден қояды. Өйткені, шаруашылықтардың бәрі бірдей асылдандыру ісімен айналыса алмайды ғой. Басқа да жұмыстары жетеді. Яғни, «Сауын» бағдарламасы арқылы малын берген адамның ұйымдастыру қабілеті де зор деген сөз. Ондай қабілет болмаса, осынша малды жинай алмас еді. Мұндай адамдар қолы мал бағудан босаған соң басқа жағын дамыту жұмыстарына көңіл аудара алады. Біріншіден, асыл тұқымды айғырларды іріктеп қосып отырады, екінші, қандай айғыр таңдау керегін шешеді, үшінші, оның асыл тұқымды екенін құжатпен растап, бекітіп отыру, төртінші, оны бренд ретінде таныту, бесінші, оның жарнамасын жасау сияқты іргелі істерді қолға алады деген сөз. Мысалы, Ресейге немесе басқа да көршілес елдерге бренд ретінде шығару керек. Онымен кім айналысады? Тауарлық несиені алғандар айналыса алмайды. Міне, жаңағы малды беруші осы жұмыстардың бәрін атқарады. Өйткені, ол адамның әлеуеті жоғары, білімі бар. Осынша малды өсіріп, асыл тұқымын көбейткен адамның қолынан ғана келетін шаруа. Ол тауарлық несиені алушыларға биыл мына айғырды үйірге қосасың, келесі жылы мына жобаны іске асырасың, деп нұсқау беріп, асыл тұқымды жылқының сапасын одан ары жақсарта түсуге басымдық береді. Бұл – салаға ғылыми технологияларды енгізуге зор ықпал ететін тамаша форма болады. Малды өсірушілер ғылыммен, малды асылдандырумен, сатумен айналысу керек деп бас қатырмайды. Тек малды шашау шығармай бағып, өсіруге ғана күш салады. Жоғарыда бұл жұмыспен айналысатын білікті адам бар. Жылқы ғана емес, қой шаруашылығын да осылай дамытуға мүмкіндік бар. Ақтөбе облысында Кәмшат Төлеуова деген кәсіпкер бар. Ол қойын тауарлық несие ретінде таратып отыр. Тамаша үлгі.
— Осыны жүйелеу үшін Үкімет қандай да бір тиімді тетік ұсына ма?
— Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «тауарлық несиені дамытуымыз керек», деп айтты. Ал енді Үкімет оны дамыту үшін қандай форма ұсынады, дегенге келейік. Бірінші, мұны не азаматтар іске асыру керек, екінші, не үкіметтік корпорация айналысу керек. Үшінші нұсқа, азаматтар үкіметпен бірігіп атқаруы тиіс. Міне, әзірге осындай үш тетік бар. Егер, азаматтар айналысатын болса, дәл қазір ақтөбелік Мұғалжар жылқысын таратып отырған Әлібек Базарғалиев сияқты кәсіпкерлерді таба аламыз ба? Байлығы, малы бар азаматтар аз емес. Бірақ олар осындай формаға көшуге дайын ба, ниеті бар ма, деген сұрақ тағы шығады. Ондай малы көп жігіттер басқаларға қаншалықты сене алады? Мысалы, Әлібек Базарғалиев тауарлық несиені беретін адамдарды өзі таңдайды, сондықтан сенеді. Бұл жерде іріктеу жүйесі жұмыс істейді. Кім көрінгенге бере салмайды ғой. Зерттейді, сұрастырады, қарым-қабілетін, мүмкіндігін саралайды. Кімге сенім бар, сол азаматтарға ғана береді. Ондай сенім басқалардан шыға ма, өзінің капиталын басқаларға таратуға дайын ба және берсе де қандай шарт қоюы мүмкін, деген де сұрақтардың туындау заңды. Тауарлық несиені азаматтар өздері іске асыратын болса, қауіпті тұсы осы. Бұл бағытты дамытуға болады, бірақ көп уақыт кетеді. Бағдарламаны енгізгенімізбен оның іске асырылуы баяулап қалауы әбден мүмкін. Екінші формасы тек Үкімет іске асыратын нұсқа. Онда аймақтардағы Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, Өңірлік даму институттары мемлекеттен қаржыны алады да, оған тауарды сатып алады. Содан кейін кәсіппен айналысамын деушілерге таратады. Мұның артықшылығы – жылдам іске асыруға болады. Бірақ қауіптісі сыбайлас-жемқорлық. Осы істі атқаратындар тамыр-таныстыққа бұрылып кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Яғни, әділетсіздік белең алады. Демек, жұмыстың сапасы түседі. Асыл тұқымды мал басын көбейту, ғылыми жұмыс, маркетинг сияқты ең қажетті бағыттар жайына қалады. Енді үшінші тетік бар. Ол – тауарлық несие жобасын мемлекет пен азаматтардың бірлесе атқаруы. Ең дұрысы осы деп есептеймін. Капиталды беріп, тәуекелді мойнына алатын бір адам. Ол азамат малды кімге беру керегін өзі таңдайды, оған ешкімнің таласы болмайды. Бірақ ол азаматқа мемлекет көмектесуі керек. Мысалы, асыл тұқымды айғыр сатып алды ма, оған мемлекет субсидия берсін. Асылдандыру жұмысын жүргізуге лаборатория керек пе, мемлекет ұйымдастырып берсін. Ғылыми сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуі керек пе, ғылыми институттармен тізе қосып жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалсын. Ақпараттық жүйесін жасау керек болса, оған да мемлекет жәрдемдессін. Міне, азаматтық қоғам мен мемлекет бірігіп атқаратын тауарлық несие жүйесін іске қосатын болса, үш жаққа да ұтымды форма қалыптасады. Осы жерде тағы бір мемлекеттің қолдауы қажет тұс бар. Мәселен, малын өсіріп, жылда одан 50 миллион теңге пайда тауып отырды дейік. Бірақ ол мемлекеттің идеологиясын қолдауға атсалысамын деп жыл сайынғы пайдасынан қағылып қалуы мүмкін ғой. Қандай да бір объективті себеп болуы мүмкін. Осындайда үкімет тауарлық несиені беруші пайдасынан қағылып қалмау үшін компенсациясын өтеп беретіндей қолдау көрсетуі тиіс. Өз малын халықтың пайдасы үшін, бір жағы мемлекеттің бағдарламасын қолдауға жұмсады ғой. Неге ол зиян шегуі керек? Осы жағы айрықша ескерілуі керек деп есептеймін. Үкімет оған сен өз капиталыңмен бөліс, бағдарламаға атсалыс. Егер қандай да бір қауіп болса мен кепілдік беремін деуі керек. Үшінші тетіктің осындай шарттары ойдағыдай іске асатын болса, ауыл шаруашылығының дамуына тың серпін болары сөзсіз. Менің жеке пікірім – осы үшінші тетік дұрыс болады. Үкімет тауарлық несиені берушіге қорған болуы тиіс. Сен малыңды нақты жұмыс істеуге мүмкіндігі бар азаматтарға бер, қалған тәуекелдерден қорықпа деуі керек те келісімшартқа отырулары қажет. Қалған іс ары қарай өзі бекітілген ережемен жүзеге аса береді.
— Осы тәжірибе басқа елдерде бар ма?
— Тек Қытайда осыған ұқсас «Темір қой» деген бағдарлама бар. Оларда малды үкімет береді. Мәселен, 100 бас қой береді. Осының біреуін де кемітпей бағасың деген талап қояды. Үкіметтің капиталын саған бердік. Басын кемітсең сотталасың, көбейтіп жақсы бақсаң пайдасы сенікі дейді. Оларда заң қатал екенін жақсы білесіздер. Тауарлық несиенің мемлекеттің тікелей қатысуымен жүретін жолы жақсы дамыған. Сыбайлас-жемқорлық дегенге өте қатты қарайтын ел болған соң жауапкершіліктері де соған сай. Бізде мұндай тәуекелге бару қауіптірек, жасыратыны жоқ.
— Тауарлық несиеге қатысты енді заң қабылдануы керек пе, әлде бағдарлама қабылданса жеткілікті ме?
— Үкімет қаулысымен он жылдық немесе жиырма жылдық «Тауарлық несие» деген атаумен бағдарлама қабылдап, бюджетпен бекітіп, кешенді жоспар жасаса жеткілікті.
— Қазір Ақтөбе облысында бұл іс ақырындап қолға алынды. Аздап болсын тәжірибе бар деуге болатын шығар?
— Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов мырза Ақтөбе облысының әкімі болып тұрғанда сол өңірде бастама көтеріп, тауарлық несие бергізген. Өте дұрыс бастама болды. Содан бері біз жоғарыда айтқан Әлібек Базарғалив пен Камшат Төлеуова деген кәсіпкер осы жұмысты қолға алған, қазір де айналысып келеді. Осы кісілер сияқты өзім ғана емес, басқалар да еңбек етіп, пайдасын көрсін дейтін азаматтар болу керек. Ол үшін Үкімет өзі кепіл болу арқылы осындай азаматтарды ынталандыруы тиіс. Ауылдағы азаматтардың қалаға тентіреп кетпеуіне, ауыл шаруашылығын дамытуға, сапалы мал басын көбейтуге сіздер үлес қосыңыздар, үкімет сіздерді қолдайды дейтіндей шарты мен ережесі берік бағдарлама жасалуы керек.
— Ал, бұл жоба іске асты делік. Мал басы көбейді деп есептейік. Шаруалардың алдынан сол малды өткізу деген мәселе шығады. Бұл қалай шешілуі керек деп есептейсіз?
— Мал шаруашылығындағы үлкен проблема ол – басымыздың бірікпеуі, тауарларымыздың стандартқа сай болмауы, қажет көлемді шығарып бере алмауымыз. Бірде өткізетін мал көп болғанымен, бірде керек көлемді шығара алмаймыз. Тұрақтылық жоқ. Сондықтан, сату жүйесін тұрақтандыруға бірден-бір оң әсер ететін осы біз айтып отырған тауарлық несие. Жоғарыда айттым ғой, малды асылдандыру, көбейту, жарнамалау, маркетингін жүргізуді бір адам басқарады. Яғни, ол адам қажет малды қайдан аламын деп әуреленбейді. Өзінің тауарлық несие ретінде таратып берген шаруаларында мал тұр. Әрқайсысынан 30 бастан жинап алса да қажетті көлемді толтырып бере алады. Осы істі ұйымдастырған адам малды сата алмайды деуге сену қиын. Ол азамат үшін бұл проблема емес. Малды жинай алады, мал соятын жерлермен және сатып алушымен келісе де алады. Тауарлық несие тетігін іске асыратын болсақ, малды өткізу мәселесі де оңтайлы шешімін табады. Бұл жерде бәрі ұйымдастыру мәселесіне байланысты. Әр облыстан 10-15 ірі шаруашылық тауарлық несиені таратып беріп, әрқайсысы өздері бақылайтын болса жүйелі іс болар еді. Президент тауарлық несиені қолға алу керек дегенді өте дұрыс айтты. Ендігі кезекте тек іске асыру тетігін жетілдіру жұмысын жандандыру қажет.
— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Қанат Азанғалиұлы.