ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев Мәжілістің жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа малды қолдан ұрықтандыру мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады. Сауалдың толық мәтінін ұсынғанды жөн көрдік.
«Доллар бағасын төмендету үшін импорт көлемін азайту керек екенін жақсы білесіз. Бұл міндет әр министрдің мойнында және отандық кәсіпорындарды дамыту арқылы орындалатыны да сізге белгілі. Енді қараңыз — 2023 жылы тек мал шаруашылығы саласында шетелден 320 млн АҚШ долларына тауар мен шикізат әкелінді. 2015 жылы бұл көрсеткіш 2,5 есе аз еді (128 млн АҚШ доллары).
Осының қомақты бөлігі жоғары технологиялардың жоқтығынан, өз өндірісіміздің «ақсаңдауынан» екені белгілі. Мейлі, солай ақ болсын. Алайда дәл осы сәтте мал шаруашылығында импортпен күресуге технологиямыз да, мамандарымыз да, мүмкіндігіміз де бар ғой! Неге осы бағыттағы жұмыстың нәтижесі жоқ?
Осы депутаттық сауалда мен қолдан ұрықтандыру саласына жеке тоқталғым келіп отыр.
Қазақстанда асыл тұқымды малдан ұрық алып, оны көбейтіп, сақтап, шаруаларға сапалы қызмет көрсетуге толық мүмкіндігі бар 2 мекеме жұмыс істеп тұр. Бірі – мемлекетке қарасты «Асыл түлік» акционерлік қоғамы, екіншісі – Талдықорғандағы «Асыл» жекеменшік орталығы. Осыдан 10 жыл бұрын «Ақсанат инжиниринг» деген орталық жұмыс істеген еді. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау болмаған соң жабылып тынды.
«Асыл түлік» пен «Асыл»-дың да жағдайы мәз емес. Біреуі ешқандай инвестиция болмаған соң, мекемені банкротқа түсіріп алмайын деп, әртүрлі ғылыми жобаларға қатысып, «өлместің» күнін көріп жүр. «Асыл» болса ұрық өндірісін тоқтатпас үшін өзінің жеке қаражатымен мекемені ұстап отыр.
Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласынан басқа бағыттарда кез-келген жаңа технологияларды игеруге қыруар қаражат беріледі. Үкімет оларды жеке назарына алып, әртүрлі жеңілдіктер ұсынуда. Ал мал шаруашылығындағы ұрық өндіретін 2 үлкен мекемеге «өз күніңді өзің көр» деген саясат ұстанып отыр. Сонда қалай болғаны? Министрлік айналдырған екі мекемені дамыта алмағаны ма?
Қолдан ұрықтандыру бойынша мамандардың саны жылдан жылға азайғанын айтпаса да белгілі. Қысқасы жылдар бойы жинақтаған тәжірибе мен әлеуетімізден айырыламыз.
Сенат тарапынан да Мәжілістен де талай рет осы мәселені шешу бойынша ұсыныстар берілді. Оның ішінде асыл-тұқымды бұқалардан алынатын ұрықтардан тек ұрғашы жынысты бөліп алу технологиясын кеңінен зерттеп, өндіру бойынша талаптар да бар. Бірақ бұл ұсыныстардың ешқайсысы орындалған емес.
Қасымыздағы Ресей мемлекеті санкцияның салдарынан шығу үшін бір жыныстық ұрық алу технологиясының лицензиясын сатып алып, бұл жұмысты толығымен жолға қойды. Ал біз ше?
Бүгінде біздің отандық фермерлер, ұрықтың көп бөлігін шетелден әкеледі және жыл сайын сыртқа кететін қаржынын көлемі 10 млрд теңгеден асып жығылады. Себебі «Асыл түлік»-те де «Асыл»-да да бәсекеге қабілетті бұқалар да, қошқарлар да жоқ! Өйткені бұларды сатып алатын қаражаты жоқ. Осылай жалғаса берсе екі мекеме де жақын арада жабылады.
Осыған орай Министрлікке төменгі талаптарды қоямыз.
Біріншіден, «Асыл түлік» пен «Асыл» орталықтарына арналған инвестициялық бағдарлама ұсынылсын. Берілетін қаражат 2026 жылдың республикалық бюджет жоспарына салынуы қажет. Ол ақшаға екі мекеме әлемде бар мықты бұқалар мен қошқарларды сатып алуға және өндірісті жаңартуға қолдануы тиіс.
Екіншіден, шет елден әкелетін ұрыққа субсидия төленуі тоқтатылсын. Отандық ұрықты менсінбей батысқа қарап «ұлып» тұрған шаруашылықтарды қолдаудың ешқандай қажеті жоқ. Үнемделген қаражат қолдан ұрықтандыру бойынша мамандардың санын ұлғайту үшін осы екі мекемеге берілгені дұрыс. Ауылдарда қолдан ұрықтандыруды игеріп жұмыс істеймін деген жастар көп. Оларды осы екі орталық арқылы оқыту және дайындау қажет.
Үшіншіден, сырттан келетін ұрықтардың сапасы зертханалармен тексерілсін, сөйтіп қана қолданысқа жіберілсін. Бұл ретте «Асыл түлік» орталығының және де өңірлердегі ғылыми-зерттеу институттарының зертханаларын пайдалануға болады.
Төртіншіден, «Асыл түлік» АҚ мен ғылыми зерттеу институтарына асыл-тұқымды бұқалардан алынатын ұрықтардан ұрғашы жынысты ұрықтар алу технологиясының лицензиясын алуға және оны менгеруге тиісті қаражат бөлу керек.
Бесіншіден, малды қолдан ұрықтандыруға Республикалық палаталарды тартуды және оларды тек отандық орталықта дайындалған ұрықтарды сатып алғанда ғана субсидия берілетінін, Министрліктің қағидасымен бекіту қажет.
Алтыншыдан, егер мемлекет тарапынан инвестиция болмаса «Асыл түлік» АҚ акцияларын саладағы технологиясы мен тәжірбиесі бар шет ел инвесторларына ұсыну қажет.
Құрметті Айдарбек Сейпілұлы!
Айтқанның – аузы, жылағанның көзі жаман дейді қазақ. Бірақ айтуға тиіспін.
Біз ел аралап, халықпен кездескенде Үкімет жұмысының ақсаңдауынан адамдар бізге сүйектен өтетін сөздер айтады. Қой мен түйенің жүні толып тұр, бірақ бір де бір дені дұрыс зауыт жоқ. Тері де далада шіріп жатыр, оны тұрақты түрде өңдеп жұмыс істеп тұрған мекеме жоқ. Сендер не бітіріп отырсыңдар? дейді. Ұят па? Ұят!
Бұл бағытта министрлік «кінә бізден емес, шикізаттың сапасы нашар дейді» Мейлі ол мәселені шешу үшін біраз уақыт керек шығар.
Бірақ бізде шикізатқа тәуелді емес салалар бар ғой! Мысалы бұқа мен қойдың ұрығын өндіру саласы. Қазақстанда айналдырған 2 ақ мекеме бар.
Бірі мемлекетке тиесілі «Асыл түлік» орталығы, екіншісі – Талдықорғандағы «Асыл» мекемесі. Екеуінің де заманауи технологиясы бар. Бұқа мен қошқардың ұрығын өндіріп, оны көбейтіп, сақтап, қолдан ұрықтандыру жұмысымен айналыса алады.
Бірақ мемлекет тарапынан ешқандай қолдау жоқ. Он төрт жыл болды екі мекеме де өлместің күнін көріп жүр. Сапасы өте жоғары бұқалар мен қошқарларды сатып алуға көк тиыны жоқ!
Қашанғы бұл жалғаса береді?
Ал енді сұранысқа келейік. Жылына Қазақстанға құны 10 млрд теңгеге шетелден ұрық келеді. Импорт барда, валютаға сұраныс барда, доллар өспегенде не өседі? Импортпен күрес деген мақсат қайда?
Мал шаруашылығында көптеген ірі жобаларға миллиардтап 2,5 пайызбен несие берілді. Инвестициялық субсидиясы төленді. Бірақ солардың біреуі де «Отандық өнімді қолдайық, «Асыл түлік» пен «Асыл»-дың ұрығын алайық деп айтты ма?» Айтқан жоқ. Ренжімесін, Қазақстандағы технологияны мойындамайды олар.
Сондай шаруашылықтардың шетелден әкелген ұрығына мемлекет тағы 400 млн ға жуық субсидия береді. Бұл не сонда? Шетелге табыну ма?
«Асыл түлік» те «Асыл» да сол шетелдегі мықты-мықты бұқалар мен қошқарларды Қазақстанға әкеліп, ұрық өндіре алмай ма? Қолдан келетін іс!
Шаруашылықтардың басын біріктіріп, жарна жинап отырған Палаталар қайда? Сол палаталар Осы екі мекемеге инвестиция құйды ма? Жоқ! Олар да Отандық өндірушіні менсінбейді! Шетелге табынады!
Ендеше, құрметті Айдарбек Сейпілұлы, «Асыл түлік»-ке де «Асылға»-да мемлекет қана қолдау көрсете алады. Арнайы бағдарлама дайындалып, осы екі мекемеге «анау-мынау» демей тікелей инвестиция беріп, дамыту керек.
Мына депутаттық сауалда ұсыныстарымыздың барлығы жазылған. Соны орындап, нәтижесі бойынша тиісті ақпарат берерсіз деген үміттеміз!», — деді депутат Анас Баққожаев.