Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Абай облысына іссапармен келіп, жергілікті шаруалармен кездесті. Іссапар аясында ол Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Оспановпен Бесқарағай ауданындағы «Қалиқанұлы» шаруа қожалығының өндірістік қызметімен танысты.
2005 жылы құрылған шаруашылық бүгінде өңірдегі жетекші аграрлық нысандардың біріне айналған. Қазіргі таңда мұнда 140-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, Бесқарағай ауданының Стеклянка ауылындағы бөлімшесінде 30 адам еңбек етеді.
Шаруашылық құрамында 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасы, сүт өңдеу цехы және жабы тұқымды 1000 бас жылқы бар. 2023–2025 жылдар аралығында серіктестік жаңа техника мен асыл тұқымды мал сатып алып, өндірістік әлеуетін едәуір арттырды.
Кездесу барысында вице-министр Аманғали Бердалин мемлекет тарапынан мұндай ірі шаруашылықтарды қолдау жалғасатынын атап өтті. Өз кезегінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Сұңғат Назаров өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының даму қарқыны мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі шаруалармен кездесіп, мал шаруашылығын дамыту бағытында қолға алынған жобаларды талқылады. Мәселен, Аграрлық несие корпорациясы мен ҚазАгроҚаржы компанияларының өкілдері несие мен лизингтік бағдарламаларды таныстырып, шаруалардың сұрақтарына жауап берді.

Биыл мал шаруашылығын дамытуға арналған “Игілік” және “Жайлау” бағдарламалары іске қосылды. ҚазАгроҚаржы да лизингке техника алу бағдарламаларының шарттарын түсіндірді.
Осыдан кейін делегация өкілдері Жаңасемей ауданындағы ет және ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешеннің құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

2025 жылдың мамыр айында Жаңасемей ауданының Шақаман ауылында ет және ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешеннің құрылысы басталған болатын. Жоба Абай облысын 2027 жылға дейін дамытудың кешенді жоспарына енгізілген және ұлттық деңгейдегі басым жоба болып саналады. Кәсіпорын бір ауысымда 35 тонна ет өнімін өңдей алады. Мұнда ірі қара, қой және жылқы етін өңдеу арқылы сапалы шұжық, консерві, жартылай фабрикат және деликатес өнімдерін өндіру көзделген. Кешен іске қосылған соң 1000 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өндірістік кешенді 2026 жылы тамыз айында іске қосу жоспарланған.
Сурет: Agrotrend.kz














































