Алматы облысы Шеңгелді ауылдық округінің шаруалары 17 мың тонна пияз жинады, деп хабарлады 24kz. Былтыр 11 мың тонна пияз қоймада шіріп, шаруалар қып-қызыл шығынға батқан еді. Сол жағдай қайталанбас үшін пияз алқаптарын 4 есе қысқартуға тура келді. Жиналған өнімді өткізу мақсатында өңірдегі ірі сауда орындары және тұрақтандыру қорымен келісім-шарт жасалды. Шеңгелді ауылдық округінің шаруалары биыл 500 гектар жерге пияз екті. Тұқым Жапония мен Голландиядан жеткізілді. Олар әр гектардан орта есеппен 50 тоннадан өнім алды. Шаруалар күзгі жиын-терім кезінде пияздың әр келісін көтерме бағамен 75-80 теңгеден өткізді. Өңірдегі ірі сауда орындарына 5 мың тонна, ал тұрақтандыру қорына 1700 тонна пияз өткізу туралы келісімшарт жасалды. 7 мың тонна өнім көктемге дейін қоймаларда сақталады.
Шеңгелді алабында 16 мың гектар суармалы жер бар. Биыл соның жартысы игерілді. Шаруалар сорғы станцияларынан алған судың 30 пайызын ғана төлейді. Қалғанын мемлекет өтейді. Бұл мақсатта ауылдық округтегі 4 су берушіге 363 млн теңге субсидия төленді. Ал күзгі дала жұмыстарына 120 тоннадай дизель отыны бөлінген.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің ресми парақшасынан