Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ават ауылында лимон өсіруге арналған заманауи жылыжай пайдалануға берілді. Алғашқы өнім екі жылдан кейін алынады, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Жобамен «Лимон» шаруа қожалығының басшысы Юрий Паскалов айналысады. Өткен көктемде кәсіпкер 1 гектар жерге жылыжай салып, 1200 түп лимон көшетін отырғызған. Жобаға шамамен 500 млн теңге жеке қаражаты жұмсалған.
Жылыжай жыл бойы жабық режимде жұмыс істейді. Қыста тұрақты жылу сақталып, жазда салқындату жүйесі қолданылады. Тамшылатып суару технологиясы енгізілген.
Кәсіпкердің айтуынша, бастапқы кезеңде бір түп ағаштан 25–30 келі лимон алынады, ал толық жетілген соң өнімділік 100 келіге дейін жетуі мүмкін. Алдағы уақытта жылыжай аумағын 5 гектарға дейін кеңейту жоспарланып отыр.
Сурет: ашық ақпарат көзі















































