Жыл басынан бері Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне 807 млрд теңге инвестиция тартылды. Алайда, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, өңірлерде бұл бағытта әлі де белсенді жұмыс атқару керек.
Бұл туралы министр облыс әкімдерінің орынбасарлары, өңірлер мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары, аумақтық инспекциялар және ведомстволық ұйымдар, жиыны 200-ден астам өкіл қатысқан инвестиция тартудың қорытындылары мен жоспарлары турасындағы алқа отырысында мәлімдеді, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Вице-министр Ермек Кенжеханұлының айтуынша, осы жылдың 8 айында 807 млрд теңге инвестиция игерілді. Оның ішінде ауыл және балық шаруашылығына – 591 млрд теңге, азық-түлік өнімдері өндірісіне – 134 млрд теңге, сусындар өндірісіне – 82,1 млрд теңге бағытталған.
Бірқатар өңірлер жоспарды артығымен орындады: Атап айтқанда, Шымкент қаласы – 146%, Солтүстік Қазақстан облысы – 133%, Ақмола облысы – 111%, Алматы қаласы – 106%, Алматы облысы – 105%, Павлодар облысы – 102% қамтыды.
Ал, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Ұлытау мен Жетісу облыстарында белсенділіктің төмендігі байқалады.
Биылғы Жол картасы нақтыланғаннан кейін инвестициялық жобалардың саны 274-ке дейін қысқартылды, барлығы 559,7 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 96 жоба жүзеге асырылды.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған 202 инвестициялық жоба жиынтығы әзірленді. Оның жалпы құны – 4,2 трлн теңге.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында 17 өңір мен Астана және Шымкент қалаларында 141 жобаны жүзеге асыруға 200 млрд теңге бөлінбек. Бүгінде 45 жоба бойынша жұмыс басталды, оның 24-і іске асырылып, 32,5 млрд теңге игерілді. Алайда Қостанай, Алматы және Жетісу облыстарында қарқын төмен.
Осы ретте Айдарбек Сапаров қазіргі инвестициялық жоспардың орындалу деңгейі мардымсыз екенін атап өтті.
«Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – тек қаржыландырумен байланысты болмауы тиіс. Сонымен бірге, бұл — аймақтардың ауыл шаруашылығын өркендетуге деген жауапкершіліктерін де көрсетеді. Біз жүйелі әрі ашық жұмыс жүргізіп, жобаларды сапалы іріктеуді және уақытылы жүзеге асыруды қамтамасыз етуіміз қажет. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуеті тікелей осы жұмыстардың тиімділігі мен нәтижесіне байланысты», – деді министр.