Өңірде заманауи агротехнологиялар енгізіп, жаңа, жоғары өнімді сорттарды егудің нәтижесінде мақта өнімділігі өсіп артып келеді, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі. Егер 1998 жылы орташа өнімділік гектарына 15 центнерді құраса, 2020–2024 жылдар аралығында бұл көрсеткіш гектарына 25,9–28,3 центнерге дейін өсті.
Мұндай өсімнің негізгі факторларының бірі – тұқымдық материал сапасының жақсаруы. Бүгінде Қазақстанда мақтаның 13 отандық сорты бар, оның сегізі өндірісте сәтті қолданылып келеді. Биыл өңірдегі егістік алқаптардың 55–60 пайызына осы отандық сорттар егіледі деп жоспарланған.
Мақташыларды жоғары сапалы тұқыммен қамтамасыз етуде «Мақташылық және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС жетекші рөл атқарады. 2026 жылы кәсіпорын «Мақтаарал-4011» және «Мақтаарал-5027» сорттарының 150 тонна түпнұсқа және элиталық тұқымын өндіруді жоспарлап отыр. Бұл көлем 2027 жылы 227 тоннаға, ал 2028 жылы 240 тоннаға дейін ұлғайтылмақ.
Биыл халықаралық стандарттарға сай талшық беретін үш жаңа мақта сорты тіркеуге ұсынылды. 315 гектар жер телімінде станция жыл сайын түпнұсқа және элиталық тұқым өндіреді, ғылыми зерттеулер жүргізеді және жергілікті климаттық жағдайларға бейімделген жаңа сорттарды шығарумен айналысады.
Сурет: АШМ