Үкіметтің тапсырмасын орындау аясында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 25 миллиард теңгеден астам сомамен отандық қант зауыттарын несиемен қамтамасыз ету үшін өте қысқа мерзімде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы 12 айға берілетін қаржы тартып, оны бөлді. Бұл қаражат айналым капиталын 1,5 пайызға толықтыруға беріледі. Қант қызылшасы тек қазақстандық фермерлерден сатып алынады. Зауыттар үшін түпкілікті мөлшерлеме 1,5-тен 5 пайызға дейін болады. Қаражат жеке капитал нарығынан тартылды.
Осы шаралар аясында «Жетісу ӘКК» ӨДИ» АҚ-мен жұмыс жүргізіліп, 4 қазандағы жағдай бойынша соңғы қарыз алушы Жетісу облысының «Ақсу қант» ЖШС қант зауытының 15 миллиард теңге айналым қаражатын толықтыруына лимит ашылды және екі транш берілді.
«Жетісу» ӘКК өкілдері 12 қыркүйекте Корпорацияға құжаттардың толық пакетін ұсынды және 16 қыркүйекте негіздемелік келісім жасалды. Бұл қаржыландыру қысқа мерзімді екенін айта кеткен жөн. Зауыттардың қызылшаны сатып алуларына және өңдеуге байланысты шығындарына ғана арналған.
Қазіргі уақытта «Тараз ӘКК» АҚ-мен осындай жұмыс жүргізілуде. Оның мамандары 20 қыркүйекте құжаттардың толық пакетін ұсынды және бес күннен кейін қаржыландыру туралы негіздемелік келісім жасасты. Қаржыландыру ашық лимитінің жалпы сомасы 10 миллиард теңгеден асады, соңғы қарыз алушы – Жамбыл облысы Меркі ауданы Ойтал ауылдық округіндегі «Меркі қант» ЖШС. Бұл қаржы зауыттарға фермерлерден 900 мың тоннаға дейін отандық қант қызылшасын қабылдауға мүмкіндік береді.
«Корпорация бұл мемлекеттік қолдау шараларын жедел қабылдады, өйткені қант әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жатады. Бұл шаралар импортталатын қантқа тәуелділікті азайтуға бағытталған және ішкі сұранысты отандық өнімдермен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бұдан бөлек қант қызылшасын өсіруге маманданған Жамбыл облысы мен Жетісу облысының фермерлеріне үлкен қолдау», — деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.