Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы Басқарма төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленов «EXPO» Халықаралық көрме орталығында өтіп жатқан Қазақстан машина жасаушыларының ХІІ Форумы аясындағы «Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау» панелдік сессиясында «Ауыл шаруашылығын техникамен қамтамасыз ету» тақырыбында баяндама жасады, деп хабарлады қауымдастықтың баспасөз қызметі.
Спикер баяндамасында отандық ауыл шаруашылығы машина жасау кәсіпорындары ішінде нақты өзіміздің ауыл шаруашылығы техникасы өндірісінің үлесі өте аз екенін және ауыл шаруашылығы техникасы удай қымбат екенін айтты. Бүгінгі таңда еліміздегі техниканың орташа тозу деңгейі 76% болса, жаңару деңгейі 5%-дан аспайтынын да тілге тиек етті.
Әкпар Мәуленов салаға қатысты ұсыныстарын да жеткізді.
«Лизингтік қаржыландыру көлемін 200 млрд теңге мөлшерінде сақтап қалу, мүмкіндік болса арттыру және пайыздық мөлшерлемені 5%-дан 3%-ға дейін төмендету қажет. Бірінші қажеттегі тауар болып есептелмейтін автокөлік 4%-бен сатылады. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей әсер ететін ауыл шаруашылығы техникасын 3%-бен сату керек. Өз металымыз жеткілікті және ауыл шаруашылығы техникасына арналған қарапайым қосалқы бөлшектерді – табандар, лемехтер, сошниктер, дискілер және т.б. Қазақстанда өндіруге болады», — деді спикер.
Сондай-ақ ол агроөнеркәсіп кешеніндегі материалды-техникалық база толығымен жаңармай, еңбек өнімділігін арттыру мүмкін емес екенін де алға тартты.