Қытай ғалымдары біздің мамандармен бірлесе отырып, асыл тұқымды жылқының түрін көбейтпек. «Қазақ жылқысының санын көбейтіп, оны әлемге дәріптеу мақсатында Семейде тұңғыш рет I Халықаралық жылқы шаруашылығы конгресі өтті. Бұл туралы Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынға Қазақстан мен Қытай ғалымдары, сондай-ақ елімізде жылқы шаруашылығын дамытып жүрген мамандар қатысты. Бұған дейін Пезидент аграрлық ғылымды жаңғыртып, асыл тұқымды базаны дамытуды тапсырған болатын. Қазір елімізде асыл тұқымды жылқының 5 түрі бар. Ал Қытайда селекциядан өткен жануардың 29 түрі тіркелген. Бірақ шетелдік ғалымдар салмақ беретін әрі жыл бойы жайылымда жүретіндігімен ерекшеленетін қазақ жылқыларына қатысты Қазақстан ғылымының жетістіктерін жоғары бағалап отыр.
«Бесқарағай» типінің қалыптасуы генетикалық материалмен ауқымды жұмыс және ерекше геноқорды сақтау арқасында мүмкін болды. Қазақстандық ғалымдар жылқы шаруашылығы өнімдерін селекциялау мен қайта өңдеуге өз үлестерін қоса бастады. Біз ет, сүт, селекция мен генетика салаларында күш біріктірсек, бұл саланы болашағы зор индустрияға айналдыра аламыз», — деді ҚХР Ауыл шаруашылығы университетінің профессоры ShengMingZeng.
Осы маңызды оқиғаның қорытындысы ретінде 2025–2027 жылдарға арналған басым бағыттар қамтылған Қарар қабылданды.
• Шәкәрім университетінің базасында жылқы шаруашылығы бойынша ғылыми-инновациялық орталық құру (жылқы генетикасы мен репродукциясы зертханасы, оқу-тәжірибелік фермасы);
• Ұлттық цифрлық реестр әзірлеу және енгізу;
• Асыл тұқымды жылқылардың ұлттық деректер базасын құру;
• Қазақ және мұғалжар тұқымдарын селекциялаудың ұлттық бағдарламасын жасау;
• Жастарға арналған білім беру бағдарламаларын іске қосу;
• Халықаралық ынтымақтастықты нығайту және басқа да бастамалар.
Конгресс қабылдаған басты құжаттардың бірі – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне жолданған үндеу. Онда келесі ұсыныстар қамтылған:
• Жылқы шаруашылығын дамыту жөніндегі Ұлттық бағдарламаға ресми мемлекеттік мәртебе беру;
• Университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары базасында тұқымдардың сандық және генетикалық мониторингін қолдау;
• Шәкәрім университетін Қазақстанның шығыс аймағында жылқы шаруашылығы саласындағы ғылыми хаб ретінде тану.
«Қытайлық әріптестермен бірге асыл тұқымды жылқы өсіру болашағының, тамақ өнеркәсібіндегі қауіпсіздіктің, экспорттың, мәдениет пен ұлттық болмыстың негізі ретіндегі жылқы шаруашылығын стратегиялық қайта пайымдауға бағытталған ортақ қадам жасалды. Қатысушылар Конгресс аясында Абай облысындағы асыл тұқымды шаруашылықтарда «Бесқарағай» типіндегі қазақ жылқысы мен «Ертіс» типіндегі муғалжар тұқымымен танысты. Бұл — тарих, бұл — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аграрлық ғылымды қайта жаңғырту және ұлттық селекцияны дамыту жөнінде айтқанындай біз мәдени әрі экономикалық мұрамызды жоғалтуға құқымыз жоқ екенін нақты көрсететін жағдай», — деді Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков.
Сурет: ашық ақпарат көзінен