Агроөнеркәсіп кешенге инвестиция тарту арқылы облыстың экономикалық дамуына серпін беретін ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр. Бұл жөнінде Абай облысының әкімі Берік Уәли Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.
«Жаңасемей ауданында ет өнімдерін экспорттауға мүмкіндік беретін «ЕвразияАгроСемей» ЖШС базасында 7,7 млрд теңгеге қуаттылығы жылына 11,4 мың тонна шығарылатын ет комбинаты жобасы іске асырылып жатыр. Ет комбинатының айналасында өндірістік бордақылау алаңдарының қуаттылығын арттырып, толық өндірістік циклді қамтитын ет кластеріне айналмақ. Жоба 2026-жылдың тамыз айында іске қосылады. Сондай-ақ, биыл «Мәуліт» шаруа қожалығы жалпы құны 1,7 млрд теңгені құрайтын 5 мың басқа арналған өндірістік мал бордақылау алаңын іске қосты. 2031-жылға дейін ет кластерін құру бағытында облыстағы бордақылау алаңдарынның қуаттылығын 21 мың бастан 86,5 мың басқа дейін жеткізу көзделіп отыр. Оған қажетті барлық мемлекеттік қолдаулар мен несиелік бағдарламалар бар», — деді аймақ басшысы.
Бұлардан бөлек, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру мақсатында майлы дақылдар алаңын ұлғайту шараларының нәтижесінде жалпы құны 7 млрд теңге болатын «DI-NUR COMPANY» ЖШС құрама жем өндіру және майлы дақылдарды өңдеу зауыты және құны 1,5 млрд.теңге болатын «Шын Жан ЖУО АНГ-Сұңқар» ЖШС майлы дақылдарды өңдеу зауыты іске қосылған.
«Биыл желтоқсан айында қайта өңдеу саласын дамыту бағытында «QAZAQ ASTYQ GROUP» ЖШС инвестиция көлемі 8,2 млрд теңгені құрайтын тазартылған күнбағыс майын өндіру желісін іске қосады. Нәтижесінде импортқа тәуелділік жойылады. 72 мың тонна дайын күнбағыс майын өндіру арқылы облыс халқы 100% қамтамасыз етіліп, экспорт көлемі 60 мың тоннаға артады. Жоба аясында жем өндіруден бастап дайын өнімге (тазартылған күнбағыс майы) дейін толық өндірістік цикл қалыптасып, күнбағысты қалдықсыз өңдеу жүзеге асырылады», — деп атап өтті Б.Уәли.
Сондай-ақ, 2026-2027 жылдары шетелдік «HARVEST» агрохолдингінің 34 млрд теңге көлемінде инвестициясын тарту арқылы Мақаншы ауданында «Абай Харвест» ЖШС жалпы көлемі 29 мың гектар егістік жерге (жүгері, соя егу) су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесі пысықталуда.
Сурет: ашық ақпарат көзінен














































