Абай облысының әкімі Берік Уәлидің тапсырмасы бойынша Семейдегі тұралап тұрған тері зауытын қайта жандандыру мақсатында қаржыландыру көздерін анықтау үшін облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов бірқатар қаржылық даму институттарының өкілдерімен, Қазақстан тері және жүн өңдеушілер қауымдастығының төрағасымен, сондай-ақ тері зауытының директорымен кездесті.
Кездесуде толық циклді индустриялық былғары кластерін құру жобасы ұсынылып, талқыланды. Жоба тұздалған терілерді сатып алудан бастап дайын былғары өндіруге, бұйымдар тігуге, қой терісін өңдеуге және тамақ өнеркәсібі үшін ақуыз коллагенін шығаруға дейінгі ірі қара мен ұсақ малдың терісін өңдеудің барлық циклін қамтиды.
Кластерге өзара байланысты бес өндірістік бағыт кіреді. Олардың әрқайсысы қосымша құн қалыптастырып, өндірістің қалдықсыз іске асуын қамтамасыз етеді. Бір цехтің өнімдері екіншісінің шикізатына айналады. Иленбеген терінің астыңғы қабаты мен тері қиындылары коллаген ақуызын шығаруға өңделеді. Ал иленген қой терісі тері бұйымдарын тігуге қолданылады.
Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 2 млрд 950 млн теңге. Өндіріс іске қосылғанда 150 тұрақты жұмыс орыны ашылады.
Облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов жобаның жүзеге асуына әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты. Ендігі кезекте қаржы институттары құрылатын жаңа кәсіпорынды қаржыландыру тетіктерін қарастырып, өз ұсыныстарын білдіреді.
Сурет: Agrotrend.kz













































