Су ресурстары және ирригация министрлігі 2028-жылға дейін Абай облысының ирригациялық жүйелерін толығымен қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, алдағы үш жылда 32 магистральдық канал жөнделеді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспары Абай облысында алты су қоймасын салуды көздейді. Оның ішінде «Қарақөл» және «Қарғыба» су қоймалары министрліктің есебінен салынатын болады. Қалған төрт су қоймасы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленген жағдайда олардың құрылысын Ислам Даму Банкі арқылы қаржыландыру мүмкіндігі бар. Бұл жобалар облыстағы суармалы жер көлемін 100 мың гектарға дейін ұлғайтып, ауыл шаруашылығын дамытып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Абай облысына жұмыс сапары аясында.
Ведомство басшысы Шар су қоймасын қайта құру жұмыстарының нәтижелерімен танысты. Ауданы 2 мың шаршы метр учаскеде екі қабатты геомембрана және ауданы 750 шаршы метр темірбетонды монолитті тақта төселді. Сондай-ақ басқару мұнарасының қабырғаларын инъекциялау (гидрооқшаулау) жұмыстары аяқталды. Орындалған жұмыстардың сапасын тексеру үшін су қоймасында 40 млн текше метрге дейін су жинау жоспарлануда.
Министр жергілікті әкімдікке бірнеше жыл бойы жөнделмеген Жарма ауданындағы «Ортабұлақ» су қоймасын коммуналдық меншікке қайтару жұмысын жеделдетуді тапсырды. Бұл жақын маңдағы елді мекендерді су басу қаупін болдырмауға және қосымша 2 мың гектарға жуық жерді суаруға мүмкіндік береді.
Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспары шеңберінде «Үлкен Буконь» су қоймасын қайта жаңартуға қаражат бөлу көзделген.
Көкпекті ауданында Нұржан Нұржігітов су үнемдеу жүйелерін орнатқан шаруалармен кездесті. Суару жүйелері 1563 га алқапқа орнатылған. Жергілікті шаруа қожалығы асыл тұқымды ірі қара мал мен жылқыныны өсіруге азық қорын өнеркәсіптік көлемде дайындайды. Ал «Қазсушар» облыстық филиалы Ақтоған және Ворошилов каналдары арқылы егіс алаңдарын сумен қамтамасыз етеді.
Биыл облыста Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» кәсіпорнының филиалы ашылған еді.
Сурет: Су ресурстары министрлігі