«Абай-Дәулет» ЖШС Қызылорда облысының Бесарық ауылында 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде серіктестіктің өндірістік алаңында 318,2 млн теңгеге ауыл тұрғындарының 13 бизнес-бастамасы іске асырылуда. Мұнда жартылай фабрикаттар, пластикалық ыдыстар, ағаштан жасалған бұйымдар, тоқыма, кондитерлік өнімдер, сабын және басқа да өнімдер өндіретін цехтар ашылған. Бірнеше шаруашылық түрімен айналысатын мекеме алдағы уақытта өндірісті кеңейтуді жоспарлап отыр.
«Ең басында күріш дақылын өсіріп, өңдеуді мақсат еткен болатынбыз. Кейін шаруашылықты әртараптандыру үшін құс, мал шаруашылықтарымен де айналыса бастадық. Одан бөлек, 7 га жерге жүзім, 3 га аумаққа алма бағын отырғыздық. Көкөніс егуді де қолға алып жатырмыз. “Ауыл аманаты” бағдарламасы арқылы жергілікті тұрғындарға қажетті нысандар салып бердік. Сонымен бірге пластик ыдыс шығару, тоқыма және кондитерлік өнімдер шығаратын цехтар ашып беріп жатырмыз», — дейді «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев.
Сурет: фейсбуктан