Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бастаған делегация Абай облысындағы жұмыс сапары аясында Семей қаласы мен облыс орталығының іргесіндегі ет өнімдерін өңдейтін және көкөніс өсірумен айналысатын кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Облыс әкімі Берік Уәли әр өндірістің жетістігін көрсетіп, жоспарланған жобаларға назар аудартты.
Алдымен Семей қаласындағы «АРАЙ-EAST FOOD» ЖШС-не ат басын бұрды. Кәсіпорын «халал» стандартына сәйкес шұжық және ет деликатестерін өндіреді. Мұнда 80-нен астам қайнатылған және ысталған шұжық түрлерін шығарылады. Былтыр қосымша желі іске қосылып, жылдық қуаттылығы 1,8 мың тонна дайын өнімге жеткен. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайту жоспарланып отыр екен.
Осыдан кейін делегация өкілдері Жаңасемей ауданындағы ет және ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешеннің құрылыс алаңына барды.

Биыл мамыр айында Жаңасемей ауданының Шақаман ауылында ет және ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешеннің құрылысы басталға болатын. Жоба Абай облысын 2027 жылға дейін дамытудың кешенді жоспарына енгізілген және ұлттық деңгейдегі басым жоба болып саналады. Кәсіпорын бір ауысымда 35 тонна ет өнімін өңдейді деген жоспар бар. Мұнда ірі қара, қой және жылқы етін өңдеу арқылы сапалы шұжық, консерві, жартылай фабрикат және деликатес өнімдерін өндіру көзделген. Өндірістік кешенді 2026 жылы тамыз айында іске қосу жоспарланып отыр.
Министр мал мен өсімдік шаруашылығын қатар дамытып келе жатқан Семей қаласының іргесіндегі «Агрофирма Приречный» ЖШС-нің жұмысымен де танысты. Жалпы егістік көлемі 6 793 гектар, оның ішінде 1 787 гектарға картоп, көкөніс және мал азығы дақылдары егілген. Өнімдер 14 мың тонна сыйымдылығы бар жеті қоймада сақталады. Қазіргі уақытта көкөністестерді жинап, қоймаға тасу жұмыстары жүргізілуде. Қоймаға 700 тонна сәбіз, 5 мың тонна картоп жеткізілген екен.

Айдарбек Сапаров облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы бастамалар мен қолға алынған жобаларды жоғары бағалап, министрлік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін айтты.
Сурет: облыс әкімдігі














































