Қазақстанда 2024-жылдан бері етті мал шаруашылығына австралиялық тәжірибені енгізу жобалары іске асырылуда. Алдағы екі жылда 98 мың ірі қара малға арналған алты бордақылау алаңын, 50 мың ірі қараға арналған үлкен бордақылау кешенін және алғашқы мамандандырылған мал биржасын салу жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Австралиялық әдіс жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалануды, жем-шөптің мал ұстайтын орындарға жақын болуын қамтамасыз етуді, жем-шөп кәсіпорындарын құра отырып, мал бордақылауға арнайы құрама жем пайдалануды қамтиды. Сондай-ақ жаңғырту және жаңадан қайта өңдеу кәсіпорындарын құру жұмыстары қолға алынады.
«Осылайша, жем-шөп дайындаудан бастап дайын өнімді сатуға дейінгі өнімді өндіру үшін толық циклді ет кластерлері құрылады. АШМ әрбір жобаны толық сүйемелдейді», — деп хабарлады ведомство.
Министрлік деректері бойынша, 2024-жылы Қазақстанда 430 мың тонна ірі қара еті өндірілді, бұл 2023-жылмен салыстырғанда 7,5%-ға артық. 270 мың тонна ет өңделді. Бұл халықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жетеді.
Сондай-ақ, министрлік 2024-жылы сиыр етінің экспорты 8 мың тоннаға артып, 20 мың тоннаға жеткенін хабарлады. Тірі мал экспортына квота қолданылады. 2024-жылғы 26 қазаннан бастап еркек тайыншаларды экспорттау үшін 85 мың басқа лимит енгізілді. Бүгінгі таңда 70 379 квота немесе 82,7% игерілді. Аналық малды сырт елдерге шығаруға толық тыйым салынады.
Етті мал шаруашылығын өсіретін жобаларға жылдық 2,5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру көзделген.
Сурет: АШМ